Облысаралық және ауданаралық жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мамандар республикалық маңызға ие 10 мың шақырым жолды орташа жөндеумен қамтиды. Мәселен, еліміздің төрт өңірін жалғайтын «Жезқазған – Петропавл» автожолы толық жөндеуден өтпек.
Бұл жолда орташа жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталып, 590 шақырым жол қамтылды. Биыл тағы 113 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.
Көлік министрі Марат Қарабаев Қостанай облысының Арқалық қаласына іс-сапары барысында сөз етілген жолдың жағдайын тексеріп, өткен жылғы жол-құрылыс маусымының нәтижелерімен танысты.
Аталған автожолдың жалпы ұзындығы 940 шақырымды құрайды. Оның 125 шақырымы Қостанай облысының аумағымен өтеді.
Автожолды орташа жөндеу жұмыстарымен қамту өңірдің дамуы, көлік қолжетімділігін арттыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту үшін маңызды. «Жезқазған – Петропавл» тасжолы Арқалықты облыс орталығы Қостанаймен, сондай-ақ Астана және Жезқазған қалаларымен байланыстыратын негізгі көлік артериясы.