Сыбайлас жемқорлық - бұл мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық.
Қазіргі таңдағы мәселелердің бірі — қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Cыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру сияқты міндеттерді шешу арқылы іске асырылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы.
Даулет Шаукет, ҚР Сот әкімшілігі Әскери соты департаментінің сот приставы