Халық пен ел үшін – адал қызмет

4565
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аймақта жыл сайын су деңгейінің көтерілу қаупіне байланысты жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырады. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – елді мекендерді су басу қаупінен қорғау, инженерлік құрылымдарды нығайту және табиғи апаттың алдын алу.

2025 жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының курсанттары аталған жұмыстарға атсалысып, Тепличное, Прибрежное және Бишкуль елді мекендеріне жіберілді. Болашақ офицерлер су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда жұмыс жүргізіп, 3000-нан аса құм толтырылған қап дайындап, оларды арнайы бекеттерге орналастырды. Бұл шаралар ықтимал тасқын судың алдын алып, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.

Курсанттар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, физикалық тұрғыдан ауыр тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен орындады. Қиын ауа райы жағдайына қарамастан, олар өз міндеттеріне бар күш-жігерін салып, бірлесе әрекет етті. Осындай тәжірибелік жұмыстар курсанттардың тек әскери дайындық деңгейін ғана емес, сонымен қатар олардың төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.

Жұмыс барысын бақылауға жергілікті әкімдік өкілдері арнайы келді. Олар курсанттардың еңбегін жоғары бағалап, алғыстарын білдірді. Әкімдік қызметкерлері сарбаздарға қолдау көрсету мақсатында ыстық шай мен жаңа піскен пирожки ұсынды. Бұл курсанттарға рухани демеу беріп, олардың жігерін арттыра түсті.

Мұндай іс-шаралар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін аса маңызды. Су тасқыны – табиғи апаттардың ең қауіпті түрлерінің бірі, сондықтан оның зардаптарын болдырмау үшін ұйымдастырылған алдын алу шаралары уақытылы әрі тиімді жүргізілуі керек. Ұлттық ұлан курсанттары осы мақсатта халыққа көмек көрсетуге әрдайым әзір екендерін дәлелдеді

Осындай тәжірибелік жұмыстар әскери қызметшілердің тәртібін нығайтып, жауапкершілігін арттырады. Ұлттық ұлан сарбаздары тек әскери қауіпсіздікті ғана қамтамасыз етпей, азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың салдарын жоюда да белсенді қызмет етеді.

Қатардағы Талапкер Маржан Ерікқызы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -