Жарыс бағдарламасына президенттік көпсайыс жаттығулары, атап айтқанда жасөсіпірімдер үшін белтемірде тартылу, қыздар үшін шалқалап жатып денені көтеру, сондай-ақ үш шақырымдық шаңғы жарысы және пневматикалық мылтықтан оқ ату кіреді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы ұйымдастырып отыр.
Жарыстың салтанатты ашылуына Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Арман Әсенов, Десанттық шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Алмас Исабеков, Алматы қаласы білім басқармасы қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығының директоры Бақтияр Елемесов және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев қатысты.
– Қысқы спорт ойындары төзімділік пен шеберлікті, күш пен ептілікті талап етеді. Осы жарыста сіздер тек спорттық жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар командалық рух пен ынтымақтастықтың нағыз үлгісін көрсетесіздер деп сенемін, – деп атап өтті Арман Әсенов.
Ережеге сәйкес спартакиада 14-17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтеді. Оған еліміздің әр аймағынан 3 жас сарбаздан тұратын 17 команда қатысып бақтарын сынайды.
Командалық есепте жеңімпаздар спортшылардың жинаған ұпай санына қарай анықталады
Жарысқа қатысушылар үшін Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсия, «Қалқан жалыны» кешкі алауы, патриоттық фильмдер көрсетілімі, жоғары әскери білім беретін мекемелермен таныстыру сынды мәдени-тынығу бағдарламасы да қарастырылған.
«Жас сарбаздықтардың» қысқы спартакиадасы биыл төртінші жыл қатарынан өткізіліп жатқанын айта кету керек. Алғаш рет өткізілген «Қалқан» қысқы спартакиадасында Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанған болатын. Ал екінші қысқы спартакиада ойындарында Солтүстік Қазақстан облысы абсолюттік чемпион атанды. Былтырғы сайыста Ақмола облысының құрамасы кубок иегері болған.