Ардагер десантшы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматыда әскери қызметшілер дәстүр бойынша 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Изюмниковты мерекемен құттықтады.
Виктор Карпович Қазақстанда туып-өскенін мақтан етеді. Майданға ол осы жерден аттанды. Соғыстан кейін үйіне оралып, ел игілігі үшін жұмыс істеді.
"Қазақ халқы – мейірімді және қонақжай халық. Қандай қиын жағдайда өмір сүрсе де, бір кездері қарапайым қазақтар қоныс аударушыларды паналатып, оларды жылы қарсы алды. Соғыстан кейін біз бірге бейбіт өмір сүрдік. Біздің жүрегімізде қазақ халқына деген алғыс мәңгілік" Виктор Изюмников
Виктор Изюмников әрқашан елге де, халыққа да пайдам тисе деп ұмтылды. Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, Жоғарғы Кеңестің депутаты және Министрлер Кеңесі істерінің басқарушысы бола отырып, ол елдің ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосты.
"Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясы құрылғанына 30 жыл толған мерейтойын атап өтіп, барлық ізгі тілектерге қосылып, қонақжай қазақ халқына жомарттық үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді" Виктор Карпович
Өз кезегінде әскери қызметшілер жеңіске қосқан үлесі мен ерен еңбегі үшін майдангерге алғысын білдірді. Ардагермен кездесу олардың бойында ғасыр жолынан өткен адамның рухының биіктігіне деген ризашылық сезімін туындатты.