Қазақстандық боксшылар Странджа Кубогында жеңіске жетті

2717
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Болгария астанасында бокстан Странджа кубогы халықаралық турнирі аяқталды, онда Қазақстан ерлер құрамасы 5 алтын медаль жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жалпы қазақстандықтар 5 алтын, 9 күміс және 4 қола жүлдеге ие болып, тамаша нәтиже көрсетті.

Ортақ жетістікке ұландықтар да елеулі үлес қосты.

Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының аға нұсқаушысы лейтенант Абылайхан Жүсіпов 71 кг дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Ол бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР ІІМ «Динамо» спорт клубының мүшесі, сондай-ақ әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері және Олимпиада ойындарының екі мәрте қатысушысы.

- Мен үшін осындай беделді турнирде Қазақстанға алтын әкелу үлкен мәртебе. Бұл жеңіс - еңбекпен қатар қолдаудың нәтижесі. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына еліміздің әлемдік спорт аренасында намысын қорғауға мүмкіндік беріп,  дайындалуыма  жағдай жасағаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл мені жаңа жеңістерге шабыттандырады! - деді чемпион.

54 кг дейінгі салмақ дәрежесінде  Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының аға нұсқаушысы лейтенант Тимур Қабдешов күміс медальді жеңіп алды. Ұландық жартылай финалда өзбекстандық Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовты сенсациялық жеңген француз Кристофер Гиппократқа қарсы шықты. Жекпе-жектің нәтижесі бойынша қазақстандық ұпай бойынша жеңіске жетті. Бірақ финалда өзбек боксшысы Шахзод Мұзафаровтан айласын асыра алмады.

Жалпы есепте екінші орынды Өзбекстан құрамасы (5 алтын, 1 күміс, 2 қола), үшінші орынды Болгария құрамасы (2 алтын, 3 қола) иеленді.

Айта кету керек, қазақстандық құрама 2022 жылдың нәтижесін (2 алтын, 2 күміс, 5 қола) басып озып, медальдар саны бойынша өз рекордын жаңартты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -