«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында самбодан жарыс өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Семейде әскери қызметшілер арасында самбо күресінен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа алғаш рет ұйымдастырылып, оған Абай, Өскемен, Павлодар, Аягөз, Үшарал гарнизондарының әскери бөлімдерінен 100-ден астам балуан қатысып, жеті салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Салтанатты шараның ашылуына «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Дархан Ажибаев мен әскери бөлім командирлері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыстың мақсаты – әскери қызметшілер арасында самбо күресін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрімен айналысатын әскерилердің үлесін арттыру. Сондай-ақ самбодан өткізілетін Қарулы күштерінің чемпионатына арналған жарысқа команда жасақтау болып табылады.
Самбо күресі – спорт түрлері ішінен ойып тұрып орын алатын аса тартымды спорттың түрі. Сондықтан әскерилер осындай сайыстар арқылы күш сынасып, физикалық тұрғыда дайындықтарын бір пысықтап алады. Тартысты өткен жарыста самбо күресінің түрлі әдіс-тәсілдері көрсетілді. Жалпы командалық есепте бірінші орынды Абай гарнизонына қарасты 30217 әскери бөлімі жеңіп алса, Аягөз гарнизонының 10810 әскери бөлімінің палуандары жүлделі екінші орыннан көрінді, ал 27943 әскери бөлімінің спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Шара қорытындысында әр салмақ дәрежесiндегi және командалық есептегі жеңiмпаздар мен жүлдегерлер медаль, мақтау қағаздары және кубоктармен марапатталды.