Отан алдындағы мерзімді әскери борышын Ұлттық ұлан сапында өткеріп жүрген қатардағы жауынгер Ильдар Нұржанов әскерде жүріп әке атанды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматы қаласынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімге іс-сапармен келген жауынгер перзентханаға алып-ұшып асыға жетті. Жаңа туған нәрестені қолына алып, әке бақытын сезінген сарбазға қаруластары да қолдау танытып, қуанышына ортақтасты.
- Мен өте қуаныштымын. Жолдасым әскерде болғандықтан мені шығарып алуға келе алмайды деп ойладым. Алайда, босанып сыртқа шыққан қыз-келіншектер сияқты менің де күйеуімнің құттықтап, күтіп алғанын қаладым. Жолдасымның біздің отбасымыз үшін маңызды шарадан құр қалмай, қатысқанына өте ризамын. Жаңа туған сәбиге Ильдар екеуіміз ақылдаса отырып, Малика деп есім қойдық, -дейді жауынгердің жұбайы Даяна Нұржанова.
Жас жұбайлар өткен жылы шаңырақ құрыпты. Ильдардың мерзімді әскери қызметі биыл желтоқсан айында аяқталады. Ол Отан алдындағы борышын абыройлы өткеріп, тұңғышына ардақты да қамқор әке болуды мақсат тұтады.