Семейде әскери қызметші жол бойында жүрген 5 жасар баланы құтқарып қалды

3168
Фотосурет: Абай өңірлік гарнизоны

Семейде Абай гарнизонына қарасты Әуе шабуылына қарсы 31767 «Б» әскери бөлімінің әскери қызметшісі майор Саят Оразбаев жол бойында қараусыз жүрген 5 жасар қыз баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әскери қызметші түс уақытында Әуезов алаңына қарама-қарсы жер асты өткелінен шығып келе жатып даңғыл жол бойында жалғыз жүрген баланы көреді. Ол бірден кішкентай қызды көлік көп жүретін қауіпті аумақтан алып шығып, сол маңдағы полиция бекетіне тапсырады. Ал тәртіп сақшылары 5 жасар қыз баланы аман-есен анасына тапсырған.

- Жалғыз жүрген баланы көрген бойда бірден ұмтылдым. Ол жолда көлік көп жүретіндіктен өте қауіпті еді. Қолында қуыршағы болды. Ата-анаң қайда деп сұрап едім дұрыс жауап бермеді. Маңайға жолай өткен адамдарда жинала кетті. Кейін баланы сол маңдағы полиция бекетіне ертіп апардым. Бар болғаны сол, - дейді Саят Оразбаев.

Әскери қызметші 31767 «Б» әскери бөлімінде өткен жылдың ақпан айынан бастап қызмет атқарады. 32 жастағы азамат отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Бүгін оны әскери бөлім басшылығы осы батылдығы үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -