Жеті баланың анасы Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр

2981
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі – ол әрине, әйел. Жыл сайын көктем шығып, жер көгеріп, гүлдер бүршік атқанда әлем бойынша тойланатын ерекше бір мереке бар. Ол – 8 Наурыз, алтын құрсағынан адамзаттың алыбы жаратылған әйелдер мерекесі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерінің 10 пайыздан астамын нәзік жанды аналарымыз бен әпке-қарындастарымыз құрайды екен. Оның ішінде 180-ге жуығы бүгінде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында өз қызметтерін абыроймен атқарып жүр.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз үйдегі бала тәрбиесі мен әскери қызметті қатар алып жүрген, жеті баланың анасы, Ұлттық ұланның Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің қызметкері, сержант Гүлшат Айтжановамен әңгімелескен едік. Бүгін сіздерге сол сұхбатымызды ұсынғымыз келеді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлшат Халыбайқызы 1984 жылдың 15 қыркүйегінде Түркіменстан Республикасында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Оның ата-анасы Гүлшатты алты айлығында ата-әжесінің тәрбиесіне береді. Сол себепті ол үлкендердің мейірімін көріп өсіп, өзі де бұл өмірде ата-әженің орны ерекше екенін жиі айтып отырады.

“Мен ата-әжемнің қолында өстім, сол кісілердің тәлімін алып, тәрбиесін көрдім. Әжем мен үшін өте қымбат жан. Мен – әжемнің қызымын!” – дейді Гүлшат Халыбайқызы.

Кейіпкеріміз 1991 жылы Түркіменстан Республикасындағы №13 қазақ орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, сол мектепте 9-сыныпқа дейін білім алады. Ал 1999 жылы Қарақалпақстан Республикасының «Нукус» №1 медициналық колледжіне оқуға түсіп, 2002 жылы оқу орнын тәмамдайды. Дәл осы жылы өзінің өмірлік серігін кездестіріп, шаңырақ көтереді. Әр адам баласына өз ұлтының, өз елінің топырағы ыстық болары анық. Кейіпкеріміз де дәл осындай ойдың жетегіне еріп, 2003 жылдың басында өзінің отбасы және ата-енесімен ақылдаса келе, Қазақстанға, Маңғыстау облысына қарасты Жетібай кентіне қоныс аударады. Елге келе салысымен, Жетібай кентіндегі емханаға жұмысқа орналасып, түрлі лауазымдарда қызмет атқарады. Өз білімін жетілдіріп, медицина саласында тәжірибе жинақтайды. Осы емханада 2008 жылға дейін қызмет атқарып, кейін жолдасы Асан екеуі ақылдаса келе, балаларының болашағы үшін Ақтау қаласына көшуге шешім қабылдайды. Ақтау қаласына көшіп келген соң, Гүлшат Халыбайқызы жұмыс іздей бастайды. Осы кезде Ақтау қаласында тұратын сіңілісі Ақмарал Айтжанова оған 6656 әскери бөліміне медбике болып орналасуды ұсынады.

“Қалаға көшіп келгенімізде сіңілімнің бізге көрсеткен қамқорлығы мен көмегі орасан зор болды. Тіпті біздің осында көшуімізге де осы Ақмарал себепкер еді” – дейді Гүлшат.

Осылайша, көп ойланбастан бауырының ұсынысын қабыл алып, 6656 әскери бөліміне медбике болып жұмысқа орналасады. Содан бері 16 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда Гүлшат Халыбайқызы осы әскери бөлімде қызмет етіп келеді. Әскери қызметпен қатар екі ұл, бес қызды дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіріп отыр. Оның үлкен балалары ер жетіп, қызы бой жетіп, бүгінде мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, ел дамуына өз үлестерін қосуда.

“Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырып, олардың бақытын көргім келеді. Біздің басты мақсатымыз – ұрпағымыздың жарқын болашағы!” – дейді кейіпкеріміз.

Батыр аналар – ел мақтанышы Гүлшат Халыбайқызының өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Оның бала тәрбиесі мен әскери қызметті қатар алып, екеуін де тең ұстап жүргені – кез келген әйел баласына жігер сыйлайды. Мұндай алтын құрсақты аналарымыздың көбейе беруіне тілекшіміз!

Сөз соңында көктемнің шуақты күнімен бірге жеткен 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын дегіміз келеді! Барша қыз-келіншектерге шын жүректен зор денсаулық, баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілейміз! Әрқашан жүздеріңізден күлкі кетпей, өмірлеріңіз гүлдей құлпыра берсін! Сіздердің қамқорлықтарыңыз бен мейірімдеріңіз – отбасының ғана емес, тұтас елдің тірегі. Әрбір атқан таң сіздерге қуаныш, бақыт және шаттық сыйласын! Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты аналар!

Материалды дайындаған: майор Ертуған Әубәкір

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -