Алматыда Ұлттық ұланның 3650 әскери бөлімінің әскери қызметшілері «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесінің қарсаңында тыл ардагері Петрова Альбина Михайловнаны құттықтап қайтты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Соғыс балалары – бұл балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген адамдар. Соғыс басталғанда, Альбина Михайловна небары бес жаста еді. Өзі сияқты буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың бәрінің балалық шағын соғыс ұрлаған болатын. Әкесі Петров Михайл Петрович 1941 жылы соғысқа аттанып оралмаған. Анасы Анастасия Андреевна Алматы қаласындағы бас поштада хат тасушы болды, кішкентай Альбина анасымен бірге жұмысқа барып, оған көмектесетін. Қазіргі уақытта соғыс жылғы балалар тыл ардагерлеріне теңестірілген, өйткені олардың көбі кішкентай жасынан бастап майданға кеткен ересектердің орнын басты.
Альбина Михайловна 1967-2000 жылдар аралығында Алматы қаласына қарасты Алатау кентіндегі Ядролық физика институтының тәжірибелік қондырғылар бөлімінде залалсыздандырушы болып қызмет етіп, зейнетке шыққан. Өмірлік жары Яков Петрович пен жалғыз ұлы Анатолий дүниеден өткен. Ол қазір немересі Кириллмен бірге тұрады.
Биыл аталып өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жүріп жатыр. Осы іс-шара аясында соғыс және тыл ардагерлері үшін көптеген игі істер атқарылып жатыр. Ұландықтар Альбина Михайловнаға арнайы әкелген сыйлықтары мен азық-түліктерін табыстап, мерекемен құттықтады.