Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шетелдік тәжірибесіне негізделген озық тәжірибелер мен стандарттарды зерделеу және қолдану бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ағымдағы жылдың 5 наурызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азиядағы жаһандық басқару практикасының басшысы Адриан Фоззардпен және Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Мехневпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында жемқорлық тәуекелдерін азайту, қоғамдағы парасаттылықты нығайту және бизнес пен азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру жөніндегі шараларды қоса алғанда, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттары талқыланды.
Тараптар аналитикалық зерттеулер және жемқорлықтың алдын алудың заманауи құралдарын енгізу саласындағы ынтымақтастықперспективаларына ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, елдік және салалық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау әдіснамасын әзірлеу, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жасанды интеллектті қолдану мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды пысықтау туралы уағдаласты.