2024 жылға жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі осы жылдың 1 сәуірінде аяқталады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Егер салық уақытылы төленбесе, әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі, – деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.
Төлеуге қажетті салық сомасын азаматтар өз бетінше есептеуі қажет. Бұл үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы калькуляторды пайдалануға болады.
15 наурыздан кейін көлік иелері алдын ала есептелген салық сомасын екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы PUSH-хабарламалар ретінде алады. Сондай-ақ, салықты банктердің мобильді қосымшалары немесе «Қазпошта» АҚ арқылы төлеуге болады.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қалада 456 мың тұлға 764 мың көлік құралын иеленген. 2023 жылмен салыстырғанда олардың саны 7%-ға өсті, ал сәйкес салық сомасы 19,6 млрд теңгеден 21,9 млрд теңгеге дейін артты.
Салық төленбесе не болады?
Егер салық уақытылы төленбесе, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады, атап айтқанда, салықтық берешек туралы хабарлама жібереді, берешекті өндіріп алу туралы салықтық бұйрық шығарады және оларды жеке сот орындаушыларына (ЖСО) мәжбүрлеп орындау үшін жібереді.
Өз кезегінде, сот орындаушылары борышкерлерге қатысты шаралар қолданады, соның ішінде мүлікке және банк шоттарына тыйым салу, сондай-ақ елден шығуға шектеу қою.
Сондай-ақ, борышкерлер банк қызметтерін пайдалана алмайды, банк шоттарын аша алмайды, ақша аударымдарын жасай алмайды, несие рәсімдей алмайды және т.б.
Көлік салығы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіну қажет.