Ұшақ апаттарын тергеуге қазақстандық көзқарас ИКАО тарапынан жоғары бағаланды

1177
Фотосурет: primeminister.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының директоры Николя Ралломен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қанат Бозымбаев ИКАО-ға Қазақстанмен ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тәуелсіз сарапшы Тормодур Тормодссонды Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған жерге уақтылы жібергені үшін алғысын айтты.

«Бізге көрсеткен тұрақты қолдауыңызға, соның ішінде бастамаларымызды қолдағаныңыз үшін Үкімет атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Осы тергеуді толық аяқтау мақсатында біз ИКАО-мен өзара іс-қимылды жалғастырамыз» Қанат Бозымбаев

Вице-премьер ұшақ апатының алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның объективті және жан-жақты тергеу жүргізуге басымдық бергенін атап өтті.

Өз кезегінде Николя Ралло Қазақстанның қысқа мерзім ішінде дайындаған және жариялаған «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының ұшағының апаты туралы алдын ала есебін жоғары бағалады.

«Апаттан кейін 1,5 айға жетпес уақыт ішінде алдын ала қорытындыны аяқтауға қол жеткізген Қазақстан мен тергеу комиссиясының жұмысын атап өткім келеді. Мен сізді тергеу барысында Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны толық орындауды жалғастыруға шақырамын» Николя Ралло

Естеріңізге сала кетейік, Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу бойынша қорытынды есеп Чикаго конвенциясына сәйкес осы жылдың соңына дейін жарияланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -