Қорғаныс министрлігінде әйел әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді

6578
Фотосурет: Gov

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Концерт залына ер адамдармен тең дәрежеде оқу-жауынгерлік міндеттерді орындап, адал қызмет атқаратын әскери қызметші-әйелдер мен азаматтық персонал өкілдері жиналды. Олардың арасында десантшылар мен теңізшілер, барлаушылар мен мергендер, байланысшылар мен механиктер-жүргізушілер, әскери дәрігерлер мен тәрбиешілер, қаржыгерлер мен заңгерлер бар.

Қыз-келіншектерді мемлекеттік мерекемен құттықтаған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әйелдердің қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті. Бүгінде Қарулы күштер қатарында 9 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Оның ішінде 32 полковник бар. Ал 11 әйел басшылық лауазымда қызмет атқарса, 60-ы түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталған.

"8 наурыз әйелдің қоғамдағы рөлін, оның сарқылмас энергиясын, даналығын, қамқорлығы мен күшін құрметтеу мен тануды білдіреді. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің отандастарымыз майданда соғысып, тылда еңбек етті. Олардың қатарында ержүрек пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова және аты аңызға айналған ұшқыш Хиуаз Доспанова бар. Олардың ерлігі бүгінгі әскери қызметшілерге өшпес өнеге" Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов

8 наурыз күніне орай бірқатар әйел әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов ҚР Ұлттық қорғаныс университеті оқу-әдістемелік басқармасының бөлім әдіскері Сара Базарбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.

ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы емдеу-алдын алу басқармасының аға офицері медицина қызметінің майоры Татьяна Грамлих «подполковник» әскери атағын мерзімінен бұрын алды.

Әскери-техникалық саясат департаментінің аға офицері подполковник Айнұр Әкімова, Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің іс жүргізу бастығы аға лейтенант Индира Іргебаева, Тыл бастығы басқармасының аға маманы ефрейтор Динара Әлжанова, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің қаржы бөлімінің аға маманы Гүлмира Мұхтарова Қорғаныс министрінің грамотасымен марапатталды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -