8 Наурыз – әйелдердің халықаралық күніне орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының №3 перинаталдық орталығына арнайы барып, үшемді дүниеге әкелген батыр ананы мерекемен құттықтады. Сый-құрмет көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
– Түркістан облысы – көпбалалы аналарымен мақтанатын өңір. Облысымызда демографиялық өсім өте жақсы. Республикамыздағы әрбір жетінші сәби дүниеге келетін аймағымызда былтыр 50 мың бала өмір есігін ашты. Облыс орталығында халық саны жоғары қарқынмен өсуде. Өздеріңіздей отбасылар, батыр аналар көп болып, ұрпақ көбейе берсін. Құрметіміз жоғары, – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, биылғы 11 ақпан күні Түркістан қаласының тұрғыны, Ұлдар Момбекова Ұлдар Түркістан облысының №3 перинаталдық орталығында үшемді дүниеге әкелді. Жағдайға байланысты ота арқылы босанған. Үшеуі де ұл бала. Сәбилерге Мұхаммед, Махмұд, Ахмет деп ат берілді. Салмақтары – 2010, 1950 және 2050 грамм. Мерзімінен бұрын жүктіліктің 32 аптасында дүниеге келгендіктен алғашқы күндері тиісті аппаратта болды. Жаңа туған нәрестелер бөлімшесінде тексеру, емдеу, күтіп-баптау жұмыстары толығымен жүргізілді. Қазіргі таңда анасы мен сәбилердің жағдайы жақсы, үйге шығару жоспарланған.
Отағасы Самат Кокеновпен отбасы құрғандарына 14 жыл болған. Бүгінде 7 баланың анасы. Үш қыз бен бір ұлдың қатары үш батырмен толығып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 11 үшем, 260 егіз өмірге келді. Аймақта 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде, 18 мыңнан аса «Алтын алқа», 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіруде.