Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сенатор Сергей Карплюк өз сөзінде Мемлекет басшысы инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестиция тарту мәселесін бірнеше рет көтергенін атап өтті. Оның айтуынша, заңнаманың тұрақтылығы, экономикалық саясаттың айқындығы және мемлекеттік басқарудың тиімділігі еліміздің инвесторларға тартымды болуының негізгі факторлары болып табылады.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
«Біздің дөңгелек үстеліміз Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша атқарылған және алдағы жұмыстарды талқылауға бағытталған. Басым міндеттердің қатарына инвесторларға салық жеңілдіктерін қайта қарау, бизнесті бақылау және қадағалау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын тексеру жатады. Бизнесті жүргізу үшін түсінікті және ашық жағдай жасау маңызды, бұл инвесторлардың сенімін нығайтуға және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді» Сергей Карплюк
Отырыс барысында мемлекеттің бизнеспен өзара іс-қимыл мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық салық жеңілдіктері мен преференциялар, сондай-ақ ел экономикасына салынған инвестициялардың тиімділігі талқыланды.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Қатысушылар инвестициялық ахуалды жақсартуға орай тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Комитет мүшелері көшпелі шаралар аясында ақпан айында «Saran» индустриялық паркінде болып, онда экономикалық тиімділік және инвестиция тарту мәселесін талқылаған еді. Кездесудің қорытындысы бойынша заңнамалық бастамалар арқылы бірқатар мәселенің шешімін табуға мүмкіндік туды.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік тетіктерінің ашықтығын арттыру мақсатында одан әрі жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.