Көктем мерекесі – нәзіктік пен мейірімнің ғана емес, сонымен қатар қайсар да батыл, Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген әскери қызметші әйелдерді де ұлықтайтын ерекше күн. Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында нәзікжандылар ерлермен қатар сап түзеп, әскери міндеттерді абыроймен орындауда. Олар әскери қызметтің әртүрлі бағыттарында жұмыс істейді.
Әскери қызмет – тәртіпті, шыдамдылықты, күш-жігер мен батылдықты талап ететін сала. Қызмет бабында әскери әйелдер медицина, байланыс, қаржы, іс жүргізу және тәрбие жұмыстарымен айналысады. Олар еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өздерінің аналық және отбасылық міндеттерін де қатар алып жүреді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет ететін подполковник Альмира Құрманәлиева – соның жарқын үлгісі. Ол жиырма жылдан астам уақыт Отан қорғау ісінде абыройлы қызмет етіп келеді. Альмираның мамандығы – психолог. Ал әскердегі психологтар – маңызды мамандардың бірі. Олар әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, әйел психологтар жауынгерлердің психологиялық дайындығы мен эмоционалдық жағдайын реттеуде ерекше орын алады.
Өзінің қызметі жайлы Альмира Бірлікқызы:
– Біздің күнделікті жүргізетін жұмыстарымыз: жауынгерлердің психологиялық дайындығын арттыру, әскери ортадағы стреске төзімділікті дамыту, қиын жағдайларда шешім қабылдау қабілетін күшейту. Әскери қызметшілердің эмоционалдық жағдайын бақылау – жеке әңгімелер мен топтық тренингтер арқылы олардың психикалық саулығын сақтау. Жеке құрамның жауынгерлік қызметтен кейінгі бейімделуіне көмектесу, оңалту жұмыстарын жүргізу. Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру, әскери қызметшілер мен олардың жақындары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға жәрдемдесу,– дейді, – Әскерде тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында. Біз әскери борышымызды өтеу арқылы еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына өз үлесімізді қосып келеміз. Сонымен қатар, біз сарбаз ғана емес, отбасымыз бар, үйде әйел-анамыз. Таразының екі басын тең ұстау – аса үлкен қажыр-қайратты керек етеді. Қалай болғанда да, Ұлттық ұланда қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе.
Альмира Бірлікқызы әскерге келгенде 22 жаста ғана еді. Оқуын бітіріп, еңбекке араласқан талдырмаш қыз әскери қызметке, әскери ортаға бірден төселіп кетті. Ол қызметін 7552 әскери бөлімінде аудармашы болып бастап, кейіннен Алматы құрамасының басқармасына мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маман ретінде ауысты. Қызмет ете жүріп, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында психология саласы бойынша екінші мамандығын оқып алды. Психолог лауазымы сол тұста әскерге көптеп енгізіліп жатқан. Мамандар қат, қазіргідей жоғары оқу орынның бәрі психологтарды дайындай бермейді. Қызметте де салынған соны сүрлеу, жинақталған тәжірибе жоқ.
Өзі үшін де, әскер үшін де жаңадан ашыла бастаған саланың қызметін қайсар қыз тәуекел деп бастап кетті. Одан бері офицерге тән қиын да қызықты, мәнді де мағыналы жолды абыроймен өтіп келеді. Қандай жағдай, қай уақыт болмасын подполковник Альмира Құрманәлиева өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға аса жауапты қарап, әскери қызметті адал атқарудың үлгісін көрсетуде.
«Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар ғой. Бұл Альмира сияқты әйел-анаға арналған болса керек. Ол отбасында үш перзент тәрбиелеп отыр. Отағасының қабағына қарап, анасының жағдайын жасап, аялап күтуде. Қашан көрсең, жарқылдап, айналасына шуақ шашып жүргені.
Отбасымен қатар қызметті де бірге алып жүрген әскери әйелдер – тек өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпаққа үлгі болар тұлғалар. Олардың қоғамдағы үлгісі болашақ ұрпаққа патриоттық рух береді, әскери-патриоттық тәрбиеде, жастармен жұмыста маңызды рөл атқарады. Осындай үлгі тұтарлық нәзікжанды офицердің бірі подполковник Альмира Құрманәлиева деп ауыз толтырып айта аламыз!
Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, Алматы қаласы