Білім мен әскери қызметті ұштастырған қайсар ару

3608
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әйел адам – отбасының берекесі, қоғамның тірегі, Отанның қорғаны. Қай салада болмасын, нәзік жанды арулар өздерінің қайсар мінезі мен еңбекқорлығын дәлелдеп келеді. Солардың бірі – білім мен әскери қызметті ұштастырған ерекше жан, кіші сержант Сманова Эльмира Далбайқызы.

«Мұғалімдік – жүрек қалауым»

Эльмира Далбайқызы 1983 жылы 3 қаңтарда Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болған ол 1989 жылы Талас ауданы, Көктал ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақ мамандығын айқындап, ұстаздық жолды таңдауды шешеді.

– Мұғалімдік – тек сабақ беру ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ұстаз – шәкіртінің екінші ата-анасы, бағыт-бағдар беруші тұлға. Мен бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым, – дейді Эльмира Далбайқызы.

2000 жылы Тараз мемлекеттік институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түсіп, жоғары білім алады. Кейін өзі оқыған мектепке ұстаз болып оралып, шәкірт тәрбиелеуге кіріседі. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере жүріп, мектеп директорының орынбасары (әдіскер) қызметін де абыроймен атқарады. Бес жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақтың білімді, білікті азамат болып қалыптасуына аянбай еңбек етеді.

Алайда, өмір оған күтпеген жаңа жол дайындап тұрған еді…

«Әскери қызмет – мойнымдағы үлкен жауапкершілік»

2008 жылы Сманова Эльмира Далбайқызы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты Ішкі әскер қатарына шақырылады. Бұл шешім оның өмірін түбегейлі өзгертті.

– Әскери қызмет – темірдей тәртіп пен мықты рухты талап ететін сала. Бұл – ерлерге тән қызмет деп саналғанымен, қазіргі таңда әйелдер де бұл жолда өздерінің біліктілігін дәлелдеп жүр. Мен үшін бұл шешім үлкен сынақ болды, бірақ қиындықтар мені шыңдай түсті, – дейді ол.

Бүгінде Эльмира Далбайқызы – Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімінде құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің маманы (аудармашы) қызметін атқарып келеді. Түрлі лауазымдарды абыроймен атқарып, кіші сержант шенін иеленді.

– Әскери қызметте тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында. Әрбір тапсырма уақытында әрі мүлтіксіз орындалуы тиіс. Құжаттармен жұмыс істейтіндіктен, әрбір қағаздың дұрыс рәсімделуі менің мойнымдағы үлкен міндет. Бұл қызмет маған шыдамдылық, тәртіп және ұқыптылық қасиеттерін одан әрі дамытуға көмектесті, – дейді ол.

«Отбасы – ең басты құндылығым»

Әйел адам үшін мансап қаншалықты маңызды болса да, отбасы – әрдайым бірінші орында. Эльмира Далбайқызы – екі қыздың аяулы анасы.

– Қыздарым Сабина мен Аяна – менің өмірімнің мәні, болашаққа деген үмітім. Олардың тәрбиесі мен біліміне үлкен көңіл бөлемін. Қандай қызмет атқарсам да, ана болу – ең маңызды міндетім. Оларға жақсы тәрбие беріп, саналы азамат болып өсуіне жағдай жасау – менің ең басты мақсатым, – дейді Эльмира ханым.

«Әйел – кез келген салада табысқа жете алады»

Білім мен әскери қызметті қатар алып жүрген Эльмира Далбайқызы – қазақ қыздарының жан-жақты бола алатынының жарқын дәлелі.

– Әйел адам кез келген салада табысқа жете алады. Бастысы – өз ісіңе адал болу, үздіксіз даму және жауапкершілікпен жұмыс істеу. Әскери форма киіп, Отан алдында қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш. Өзімді осы жолда таптым және болашақта да аянбай еңбек ете беремін, – дейді ол.

Эльмира Далбайқызының өмір жолы – ерік-жігер мен табандылықтың үлгісі. Ол білім беру мен әскери қызмет сияқты екі күрделі саланы ұштастыра отырып, әйел адамның кез келген ортада өз орнын таба алатынын дәлелдеді.

Осы ретте, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында барша әскери салада қызмет ететін қайсар аруларға алғысымызды білдіреміз. Сіздер – қоғамның тірегі, Отанның қорғаны, болашақ ұрпаққа үлгі болар тұлғасыздар!

5513 әскери бөлімі лейтенант Салтанат Әзімхан

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -