Әскерде арулардың алар орны ерекше

4235
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әрбір адам бойында егемен еліміздің кең байтақ даласын сақтап, келесі ұрпаққа асыл мұра етіп қалдырудан артық ұлы мұрат жоқ шығар. Себебі еліміздің әрбір азаматы үшін Отан әрқашанда ыстық. Қасық қандары қалғанша елімізді қорғап қалған ата-бабамыздың қазіргі ұрпақтары бізбіз. Ел қорғау - ердің ісі деген халық арасында сөз көп тараған. Дегенмен барлығымыз білетіндей әрбір ұлттың ішінде ел қорғау мәселесіне келгенде тек ер адамдар ғана емес әйел адамдар да алдыңғы шепте тұрады. Атап өтер болсақ, ел басына күн туған шақта еш мойымай соғысқа аттанып, өз шеберліктерін, отансүйгіштік қасиеттерінің жоғары екенін көрсеткен Әлия мен Мәншүк қыздарымыздың  жауынгерлік рухтарын айтсақ болады.

Міне, бүгінде ел абыройын асқақтатып, жау алдында жасқанбай, өздерінің мінездерін көрсетіп, жауға төтеп берген қыздарымыздың артынан келе жатқан өскелең ұрпақ өте көп. Бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет ететін әйел адамдар өте көп. Ал, біз 8-наурыз халықаралық әйелдер күніне орай еліміздің қалқаны болған «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты Теміртау қаласында орналасқан 5516 әскери бөлімінің кадр бөлімшесінің басшысы Искакова Данагүл Маратқызымен сұқбаттасып қайттық.

- Данагүл  Маратқызы, алда келе жатқан 8-наурыз мерекеңіз құтты болсын. Бірінші сұраққа келер болсақ, өзіңіз туралы және өзіңіз өскен орта жайлы айтып берсеңіз?

- Мен Қарағанды облысындағы шырайлы жерлердің бірі Қарқаралы ауданыңда 1981 жылы дүниеге келдім. Отбасында 5 бала өстік. Мен кенжесі болдым. Әкем, Марат, комбайн жүргізушісі болып қызмет атқарған. Ал анам болса нан зауытында нан пісірумен айналысқан. Біз бала кезімізден татту-тәтті өмір сүрдік. Менің алдымдағы үш әпкем мен ағам маған әрдайым қамқор болып, көмек қолдарын созған. Ал мен өз кезегімді әпкелерім мен ағамды тыңдайтынмын.

- Иә,облысымыздың шырайлы жерінде дүниеге келіпсіз. Ал өзіңіз балалық шақта қандай болдыңыз?

- Өте қызық сұрақ, себебі әрдайым балалық шақ туралы адамдар сұраса өзімнің туған жерім есіме түсіп жүрегім елжіреп кетеді. Мен балалық шақта өте білімге құштар болатынмын. Әрдайым әкем мен анам жұмыстарынан келген соң маған көп көңіл бөлетін. Сондай-ақ, алдымдағы әпкелерім және ағам, мен көп уақыт өткізгенді ұнататынмын. Сабағымды өте жақсы оқыдым десек те болады. Сонымен қатар мектеп қабырғасында оқып жүргенде тенниспен биге қатысып баскетбол ойнағанды ұнататынмын.

- Шынымен балалық шақ деген әрбір адамға ыстық  болып келеді. Мектеп кезіңізде жақсы оқығаныңызды атап өттіңіз. Ал мектеп қабырғасында оқып жүргенде әскери саланы армандадыңыз ба әлде бұл сізге кездейсоқ бұйырған бақ па?

- Бала кезімнен әскери форманы киюді ұнататынмын. Сондықтан да мектепте жүріп-ақ әскери саланы арман тұттым. Негізінде оның өзіндік бірнеше себептері бар. Біріншісі бала кезімде көретін әскери адамдардың барлығы өздерінің киім үлгісіне, бет әлпетіне керемет қарайтын. Әскери адамдарды көрген сәтте аяқ киімінен бастап басына киетін бас киімінің әдемілігін байқайтынмын. Ал екінші себепке келер болсам, менің әпкем Жаңагүл әскери қызметші болып қызмет атқаратын. Сондықтан да мен өзімнің әпкемнің артынан ергім келіп әскери қызметке келдім.

- Расымен балалық шағымызда әскери қызметшілерді көргенде көзімізде от пайда болып, осы салаға ұмтылатынбыз. Ал әскери сала не дегенмен қызығы мен қиындығы көп сала ғой. Бұл қызметті атқару сіздің өміріңізге қиындық тудырмады ма?

- Иә, әрине әскери сала деген оңай сала емес. Әскери саланы таңдағаным да әкем мен анам менің таңдауымды қолдап, өздерінің көмектерін еш аямады. Осылайша мен бүгінде  әскери қызметте жүргеніме 19 жыл болды. Ең алғаш әскери салаға 2006 жылдың 27 сәуір күні келдім. Сол сәттен бастап бала күнгі арманымның орындалғанын көріп, өзімнің бойымда мақтаныш сезімі орын алды. Міне, 19 жыл уақыт ішінде көптеген лауазымдарды өтіп, бүгінді кішігірім бір әскери бөлімнің кадр бөлімшесінің басшысымын. Осы лауазымды қызмет атқару арқылы мен де бүгінде көптеген жасөспірімнің әскери қызметкер болғым келеді деген арманың орындауға өз септігімді тигіземін. Ал әскери қызметте жұмыс атқару менің жеке өміріме ешқандай кері әскерін тигізбейді.

- Әскери саланы таңдағаныңызға еш өкінбейтініңіз көрініп тұр. Бүгінде сіздің отбасыңызға келер болсақ артыңыздан ерген балаларыңыз бар шығар? Егер балаларыңыз әскери саланы таңдаса ,таңдауларын қолдайсыз ба?

- Иә, бүгінде менің артымнан келе жатқан екің ұлым бар. Үлкен ұлымның есімі Алдияр ал кішкентай балам Алиясқар. Балаларым әскери қызметті таңдайтын болса әрдайым қолдайтын боламын. Себебі әскери қызмет бұл абыройлы міндет. Ал кез келген ер бала өз отаның қорғауға кішігірім болса да атсалысуы қажет.

- Әскери салаға деген махаббатыңыздың ыстық екені көрініп тұр. Осымен менің де сұрақтарым  тәмам, сізге көп рақмет!

Міне, өздеріңіз көріп отыр ғандай ерлік тек ердің ісі емес. Ерлік іс-әрекетті әйел адамдар жасай алады. Бүгінде біз 5516 әскери бөлімінің кадр бөлімшесінің басшысымен сұқбаттасу арқылы, Данагүл ханымның әскери қызметке деген махаббатының биік екендігіне көзіміз жетті. Өз кезегінде Отанды алдыңғы шепке қоятын әскери қызметкеріміздің еңбегінің жемісін әрі қарай көре беруін тілейміз.

Лейтенант Бақдәулет Манарбек

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -