Сенатта «Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын және акваөсіруді дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Отырыс барысында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев балық шаруашылығының ел экономикасына маңызды екенін атап өтті. Ол аквакультураны мемлекеттік қолдау басты міндеттердің бірі екенін айта келіп, саланың дамуын тежейтін кедергілерді жою үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
«Балық шаруашылығының дамуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Осы саладағы заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдау, сондай-ақ заманауи технологияны енгізу маңызды» Әли Бектаев
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин мен Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов мемлекеттік қолдау шаралары, балықтың шығу тегін бақылауға арналған цифрлық жүйені енгізу, инвестициялық жобалар және аквакультураны дамыту жоспарлары туралы баяндама жасады. Биыл балық шаруашылығын субсидиялауға 4,3 млрд теңге бөлінгені атап өтілді. Сонымен қатар, балық өсіру кәсіпорындарын қолдауды кеңейту жөніндегі бастамалар да таныстырылды.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар саладағы негізгі мәселелерді, оның ішінде жем-шөп тапшылығы, маман жетіспеушілігі және субсидия жүйесін жетілдіру қажеттігін талқылады. Сенаторлар балық шаруашылығы мен аквакультураны дамытуға бағытталған заңнамалық бастамалар бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.