Отанға қызмет – мәртебелі міндет

2343
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әскери қызмет – табандылық пен жауапкершілікті талап ететін сала. Бұл жолды таңдаған әрбір азамат өз өмірін тәртіпке, ел қорғанысына және жоғары кәсібилікке арнайды. Солардың бірі – лейтенант Аружан Абжалова.

2001 жылдың 7 мамырында Түркістан облысында дүниеге келген Аружанның балалық шағы Алматы қаласында өтті. Ол №177 мектеп-гимназиясында білім алып, сол кезден бастап спорт пен оқуды қатар алып жүрді. Кейін Алматы Энергетика және байланыс университетінде «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша білім алды. Сонымен қатар Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университетінің әскери істер институтында оқып, әскери мамандықты игерді. Бала кезінен әскери қызметкер болуды армандаған ол, бұл мақсатын жүзеге асыру үшін еңбекті талап ететінін жақсы түсінді. Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығында тағылымдамадан өтіп, авиация мен әскери салаға деген қызығушылығы одан әрі артты.

Әскери мансабы 2024 жылдың 29 сәуірінде басталды. Лейтенант Абжалова 3656 әскери бөлімінің техникалық пайдалану бөлімінде ұшақтардың радиоэлектрондық жабдықтарын регламенттеу және жөндеу тобының аға технигі болып тағайындалды. Ол авиация-
лық техниканың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оның ақауларын анықтау, жөндеу және тексеру бойынша маңызды міндеттер атқарады. Сонымен қатар, ұшақ пен жердегі диспетчерлік қызметтер арасындағы радиобайланысты қамтамасыз ету, радиосигналдарды қабылдау және жіберу, әуе кемесінің радиобайланыс және навигациялық жүйелерінің дұрыстығын бақылау – оның негізгі міндеттерінің қатарында.

Әскери қызмет барысында көрсеткен кәсібилігі мен еңбегі ескеріліп, Республика күніне орай 3656 әскери бөлім командирінің грамотасымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы күні қарсаңында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың грамотасымен марапатталды.

Әскери қызметтің адамның жеке өміріне де айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Бұл салада уақытты дұрыс ұйымдастыру, тәртіп пен жауапкершілікті сақтау аса маңызды. Лейтенант Абжалова бос уақытын жақындарына арнауға тырысады. Ол үшін отбасы – ең маңызды құндылықтардың бірі. Анасы әрдайым оның таңдауын сыйлап, үлкен сенім артқаны, әрі ақыл-кеңестерімен алға жетелегені әскери қызметтің ауыртпалығын жеңілдетіп, алға қарай ұмтылуға жігер береді.

Аружан бала кезінен таэквондомен айналысып, бүгінде бұл спорт түрін физикалық және менталдық шыңдалудың құралы ретінде қарастырады. Сонымен қатар әскери стратегия, авиация және психология тақырыптарындағы кітаптарды оқуды ұнатады, өйткені бұл оның кәсіби және жеке дамуы үшін аса маңызды. Күнделікті қарбалас тіршіліктен кейін отбасы мүшелерімен уақыт өткізу үлкен демалыс екені анық.

Болашақта авиация саласының беделді маманы болуды мақсат еткен Аружан өз біліктілігін арттырып, маңызды шешімдер қабылдай алатын деңгейге жетуді көздейді. Ол әскери әуе күштерінің дамуына өз үлесін қосып, көшбасшылық қабілеттерін одан әрі жетілдіруді жоспарлайды.

Лейтенант Аружан Абжалова – табандылығы мен еңбегі арқылы әскери адам болу арманына жеткен офицер. Оның авиация мен әскери саладағы білімі мен кәсібилігі – болашақтағы үлкен жетістіктерінің кепілі.

Отан алдындағы қызмет – мәртебелі міндет. Бұл міндетті абыроймен атқару – нағыз ұлтжандылықтың белгісі. Лейтенант Абжалова осы жолда аянбай еңбек етіп келеді және болашақта да еліміздің авиация саласының дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

Аға лейтенант Нұрдәулет Мергенбек

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -