ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның салық саясатын жоғары бағалады

2860
Фотосурет: Gov

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) трансферттік баға белгілеу жөніндегі семинары аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ж.Ж. Дүйсембиев ЭЫДҰ-ның жетекші сарапшылары Томас Балко және Эндрю Виоламен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

ЭЫДҰ сарапшыларын қарсы алған МКК төрағасы олардың сапарына қуанышты екенін білдіріп, бұл іс-шараның Қазақстанның салық жүйесін дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

- Трансферттік баға белгілеу бүгінгі таңда салық базасының шайылуы мен капиталдың елден шығарылуына қарсы күрестің негізгі құралы болып табылады. Қазақстан халықаралық салық бастамаларының белсенді қатысушысы ретінде ЭЫДҰ стандарттарын дәйекті түрде енгізуде.

Осылайша, ЭЫДҰ-ның ұсынымдары негізінде 2022 жылы трансферттік баға белгілеумен айналысатын құрылымдық бөлімше құрылды.

Құрылған сәттен бастап ірі жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты қосымша салықтық есептеулер 160 млрд. теңгеден асты. Тек 2024 жылдың өзінде бір қызметкерге шаққандағы орташа қосымша есептеу шамамен 8,5 млрд. теңгені құрады.

Соңғы жылдары мұнай, көмір, уран және астық дақылдары сияқты негізгі шикізат өнімдерінен түсетін қаржы ағындары реттелді.

ЭЫДҰ сарапшыларымен бірлесіптрансферттік баға белгілеу туралы заңнамаға жаңашыл өзгерістер әзірленді. 2024 жылы бұл түзетулер Мемлекет басшысы тарапынан бекітіліп, еліміз үшін маңызды оқиға болды.

Сондай-ақ, Сіздермен бірлесіп, осы жылы трансферттік баға белгілеу туралы заңға мәмілелердің мәнінің олардың нақты шарттарынан басым болуы бойынша жаңа түзетулер әзірледік.

Біз ЭЫДҰ, БҰҰ қолдауымен «Шекарасыз инспекторлар» бастамасы және Bloomberg, Argus сияқты жетекші ақпараттық агенттіктермен белсенді ынтымақтастық орнатып келеміз. Бұл тәжірибе алмасуға, біліктілікті арттыруға және халықаралық тәжірибелерді ұлттық жүйеге енгізуге ықпал етеді.

Өз кезегінде, аға сарапшылар Томас Балко мен Эндрю Виола Қазақстанның трансферттік баға белгілеу саласындағы жүргізіп жатқан жұмысын оң бағалады.

2023 жылы Қазақстан салықтық мақсатта алынған ақпараттың құпиялығы мен сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша оң бағалауға ие болды.

Биылғы ақпан айында ЭЫДҰ «Қазақстанда салықтан жалтаруға қарсы іс-қимыл әлеуетін нығайту» атты есебін жариялады.

ЭЫДҰ Қазақстанның «Шекарасыз салық инспекторлары» бағдарламасы аясындағы жетістіктерін және ЭЫДҰ-ның BEPS ұсынымдарын енгізу нәтижелерін жоғары бағалады.

Біз трансферттік баға белгілеу саласындағы қызметкерлер құрамының артуы мен олардың біліктілігін арттыруды оң бағалаймыз.

Алдағы семинар трансферттік баға белгілеудің озық шешімдері мен мүмкіндіктерін кеңінен талқылауға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Біз МКК қызметкерлерін биылғы мамыр айында Түркияның Анкара қаласында өтетін трансферттік баға белгілеу бойынша «Train-the-Trainer» бетпе-бет семинарына қатысуға шақырамыз.

Жалпы, ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның халықаралық іскерлік операциялар барысында мемлекеттік кірістердің жоғалуын болдырмау және әділ салықтарды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Кездесу конструктивті атмосферада өтіп, қатысушылар салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелері мен Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -