Елордада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және заң бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Құқық бұзушыларды анықтау мақсатында қаланың барлық ауданында мониторинг жүргізілуде, кінәлілер айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
2025 жылдың 10 қаңтарынан бастап «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 344-бабына өзгертулер енгізіліп, оған сәйкес рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағаны үшін жазалар күшейтілді. Ол осы жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енеді.
Енді қоқысты стихиялық полигондарға тастағаны (рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағаны) үшін жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін (393 200 теңгеден 3 млн 932 мың 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Заң бұзу бір жыл ішінде қайталанса (ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – үш жыл ішінде), айыппұл екі есеге артады: жеке тұлғаларға – 200 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 750 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 2000 АЕК.
Мәселен, өткен жылы қаланың алты ауданында 404 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, одан 257 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Алматы ауданында 28 учаске жойылып, 54 мың тонна қоқыс шығарылды. Байқоңыр ауданында 67 полигон жойылып, 50 461 тонна қалдық шығарылды. Есіл ауданында 56 орын жойылып, 35 мың тоннадан астам қоқыс полигонға жөнелтілді. Сарайшық ауданында 88 учаске жойылып, 42 мың тонна қоқыс шығарылды. Сарыарқа ауданында 30 учаске тазартылып, 36 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды. Нұра ауданында 135 орында қоқыс үйіндісі жойылып, одан 40 мың тонна қоқыс шығарылды.
Заңсыз үйінділермен күрес тек оны жою арқылы ғана емес, сонымен қатар бақылауды күшейту және тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту арқылы да жүзеге асырылады. Қалада мобильді топтар мен заң бұзушылықтарды тіркейтін IKomek жүйесі белсенді жұмыс істейді.
2024 жылғы тексеріс қорытындысы бойынша рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағаны үшін 409 жүк көлігінің жүргізушісіне 8,6 миллион теңге айыппұл салынды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 505-бабында көзделген абаттандыруды бұзғаны үшін 22 099 құқық бұзушыға 62 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Сол сияқты қоғамдық аумақтарды ластағаны үшін 16 098 құқық бұзушының мойнына 315 миллион теңгеден аса айыппұл ілінді.
Байқоңыр ауданында 2025 жылы рұқсат етілмеген 3 полигон анықталып, жойылды. Сарыарқа ауданында осы жылдың алғашқы екі айында 3 рұқсат етілмеген үйінді анықталып, жойылып, одан 80 тонна құрылыс және тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Алматы ауданында 1 орын анықталып, 60 тоннадан астам құрылыс қалдықтары шығарылды. Биыл Есіл ауданында 8 орын анықталып, қалдықтарды шығару жұмысы жоспарланып отыр. Нұра ауданында 3 орын анықталып, одан 50 тонна қоқыс шығарылды. Сарайшық ауданында рұқсат етілмеген 2 полигон анықталып, жойылып, одан 78 тонна құрылыс және тұрмыстық қалдықтар шығарылды.