Қазақстан экономикасын алға сүйрейтін салалар: талдау және болжамдар

2739
Фотосурет: Zakon.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық блок министрліктері басшылығымен Мемлекет басшысының ел экономикасының тұрақты өсуі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 5,4%-ды құрады. Тауар өндірісі мен қызмет көрсету секторында өсу серпінінің жақсарғаны байқалады. Өнеркәсіптік әлеуетті ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өнеркәсіп өндірісінің көлемін 5,7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Өңдеу өнеркәсібі бойынша бұл көрсеткіш 8,9%-ды құрады. Негізгі салалар ішінде машина жасау (18,2%), азық-түлік өндірісі (13,1%), құрылыс материалдары өндірісі (21,6%) және металл бұйымдары өндірісі (20,1%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (9%) жоғары көрсеткіштер көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде өсім 4,1%-ды құрады.

Құрылыс саласында жоғары қарқын сақталған. Орындалған жұмыстар көлемі 408,1 млрд теңгеге, ал нақты көлем индексі 112,8%-ға жетті. Сауда саласындағы өсім 6%-ға, ал көлік және қоймалау қызметі 21,3%-ға артқан. Жалпы, астық, тұқым және мал азығы (өсім 5,8 есе), фармацевтикалық өнімдер (44,6%-ға), автокөліктер мен жеңіл көліктер (38,8%-ға) өткізетін көтерме сауда кәсіпорындары айтарлықтай жоғары үлес қосты. Астық тасымалы 43%-ға артып, 2,4 млн тоннаға жетті, ал ұн өнімдерін тасымалдау 12%-ға өсті.

Сонымен қатар терең өңделген өнім өндіретін салаларды қолдау жүйесінің нәтижелері атап өтілді. Осылайша, қосылған құны жоғары өнімдер, атап айтқанда, құрама жем экспорты 5 есеге өсіп, 273 мың тоннаны құрады (2024 жылы – 56 мың тонна), өсімдік майының экспорты 28%-ға артып, 94 мың тоннаға жетті.

Премьер-министр өсу қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырып, жоспарлы өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты күшейту қажет бірқатар бағытты атап өтті. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -