Заманауи технологиялар қалаларымызды қалай жайлы ете алады?
Көліктің тым көбеюі, жолдардағы ұзақ кептелістер, жиі кездесетін апаттар мен қылмыстық оқиғалар, экологиялық ахуалдың нашарлауы – мұның бәрі ірі шаһарларда тұратын халыққа жақсы таныс. Бұларды шешудің бірден-бір жолы – қазіргі заман технологияларын пайдалану. Ең танымал мысалдардың бірі – қазақстандық Sergek айти-компаниялар тобының әзірлемелері.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Қауіпсіздік және үлкен деректер
Көпшілікке Sergek жүйесі алдымен жол ережелерін бұзғандарды тіркейтін құрылғы ретінде белгілі. Алайда оның басты қызметі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазастандағы IT-мамандар әзірлеген басқа да өнімдер бар.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Қалай десек те, қазақстандық мамандардың барлық шешімі ақылды қалаларды дамытуға бағытталған үш негізгі салаға арналады: қауіпсіздік, көлік және экология, сондай-ақ алдағы талдау мен болжамға қажетті деректерді жинау.
Өзінің қауіпсіздік жүйесін компания 2010 жылдардың орта шенінде жобалай бастады. Алғаш рет бұл ақылды жүйе Қазақстанда 2017 жылы, Астанада іске қосылды. Айта кетерлігі, сол уақытта-ақ компания жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдаланып үлгерген – бұл нарықтағы жаңашылдық еді. ЖИ-дің тиімділігі күткеннен де жоғары болды. Мысалы, ол кезде елорданың әкімі болған Әсет Исекешевтің айтуынша, жүйені қосу қылмыс санын орта есеппен 30%-ға, жол-көлік оқиғаларын 18%-ға қысқартуға мүмкіндік берген.
Әсет Ахметов/@суретті түсірген Әсет Ыдырысов
Дегенмен Sergek бастапқыдан тек қауіпсіздік саласымен шектеліп қалған жоқ. Жиналған үлкен деректер 2019–2020 жылдары Астананың жаңа аудандарындағы көлік инфрақұрылымына түсетін жүктемені есептеуге жол ашты.
“Ол кезде біз қай жолдан қанша көлік өте алатынын, Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысы, не Чингиз Айтматов көшесі мен Қорғалжын тасжолының қиылысында өткізу қабілеті қандай болатынын, кептеліс қашан басталатынын есептедік. Аналитиктеріміз құрылыс жұмыстары жартылай орындалса да, ол аумақтарда кептеліс басталатынын алдын ала болжаған” Әсет Ахметов
Әсет Ахметов/@суретті түсірген Әсет Ыдырысов
Мұндай болжам жасау үшін мамандар деректерді аналитикалық өңдеуден өткізіп, қалалардың математикалық моделін құрған.
Технологиялық шешімдердің дамуы
Covid-19 індеті өршіген кезеңде компания мамандары Sergek Blockpost атты мобильді қосымша жасады. Әлеуметтік жауапкершілік негізінде әзірленген бұл қосымша бақылау камераларымен және мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланып, тұтас Қазақстан бойынша блокпосттардың жұмысын автоматтандырды: жүріп-тұруға рұқсаты бар адамдар мен көліктерді өткізіп, карантин ережесін бұзғандарды анықтап отырды.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Кейіннен осы тәжірибе полиция қызметкерлерінің жылдам әрекет етуіне арналған Sergek Qorgau мобильді қосымшасын жетілдіруге пайдаланылды. Осы құрал арқылы ережебұзушыларды, жалған нөмір таққандарды, жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарды, іздеудегі немесе қауіпті санатқа түскен көліктерді нақты анықтау мүмкіндігі туды.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Қосымша патрульдік полиция планшеттеріне орнатылады және қалалардағы «Sergek» аппараттық-бағдарламалық кешеніне қосылады. Шешімнің икемділігі сонша – оны басқа да жүйелермен оңай ықпалдастыруға болады.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Жақында бұл мобильді қосымша халықаралық зерттеу ұйымдары мен салалық басылымдардың да назарын аударды. Атап айтқанда, IT-технологиялар бойынша әлемдік талдау жүргізетін International Data Corporation (IDC) компаниясы “ақылды көлік” саласындағы жаһандық үрдістер туралы есебінде Qorgau-ды құқық қорғау органдарын цифрлық трансформациялаудың және жол қауіпсіздігін арттырудың үздік үлгісі ретінде атады.
Толық тыныс алу
Өкінішке қарай, ірі қалалардағы экологиялық ахуал күн санап нашарлап барады. Алматылықтар “демімізді өз көзімізбен көреміз” деп қынжыла қалжыңдайды. 2025 жылдың ақпанында Швейцарияның IQAir компаниясы таратқан мәліметке сай, Алматы әлемдегі ең лас ауасы бар мегаполистердің қатарына енді.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің сөзінше, ластанудың 60%-ы көліктің улы түтінінен болады. Оның айтуынша, 2024 жылы Алматыдағы экобекеттерден өткен 31 682 автокөлік рұқсат етілген нормадан жоғары зиянды заттар бөлетіні анықталған.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Қазақстандық әзірлеушілер де экология мәселесіне қатты алаңдап отыр. Бұған таңданудың жөні жоқ, өйткені компанияның офистері бүкіл ел бойынша, оның ішінде Алматыда да орналасқан. Мысалы, Sergek инженерлері мен әзірлеушілерінің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған AQI стандарты бойынша сертификатталған ауа сапасын өлшейтін өз датчиктері бар. Олар автономды жұмыс істей береді немесе Sergek-тің бұрыннан орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешендеріне қосыла алады. Big data мүмкіндіктерін пайдалану арқылы бұл датчиктердің функциясы айтарлықтай кеңейіп отыр.
Сонымен қатар эко-бағыттағы мамандар экологияны жақсартуға көмектесетін жаңа гипотезалар мен пилоттық жобаларды тұрақты түрде сынақтан өткізуде. Былтыр, мысалы, Алматыда спектрометрлер орнату жөнінде пилоттық жоба іске қосылды. Бұл құрылғылар көлік ағынын тоқтатпай-ақ, өтіп бара жатқан машиналардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде тіркеп отырды.
Жасанды интеллект – қауіпсіздік күзетінде
Қоғамдық қауіпсіздік пен бейнебақылауға арналған Sergek VMS жүйесі жасанды интеллектіні бұрыннан-ақ қолданып келеді. ЖИ көмегімен камера көру аласына түскеннің бәрін нақты уақыт режимінде танып, талдап, тіркеп отырады. Жүйе өзегінде объектілерді, қозғалысты және оқиғаларды тануға қабілетті қуатты нейрон желісі жатыр. Бұл технология қылмыскерлер мен жоғалған адамдарды жедел іздеуде өте тиімді.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
“Қазіргі заңнамамызда қоғамдық жерде адамдардың жеке деректерін пайдалануға толық рұқсат беретін нормалар әлі нақтыланбаған. Тек қылмыс жасаған, іздеу салынған адамдарды іздеу кезінде заң аясында пайдалануға болады. Бірақ біз кез келген киім элементін іздеу алгоритміне енгізе аламыз. Мысалы, жоғалған бала қызыл күрте киіп шықса немесе үйінен хабарсыз кеткен егде кісі көк телпек киіп жүрсе – жүйе бірден осы белгілер бойынша іздеп, камераға түскен барлық нұсқаны көрсетіп береді” Әсет Ахметов
Көкжиекті кеңейту
Озық технологиялар мен оларды қолданудың икемділігі компанияның ел ішіндегі және шетелдегі қызмет аясын үнемі ұлғайтып отыруына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Sergek жүйесі Қазақстанның облыс орталықтарының көпшілігінде жұмыс істейді. Сонымен қатар компания халықаралық нарыққа да шықты. 2022 жылдан бастап «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігіне арналған интеллектуалды жүйе Өзбекстанның халқы жөнінен екінші ірі қаласында іске қосылды.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
2023 жылдан бері компания Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Филиппин, Индонезия) өз өнімдерін сынақтан өткізіп жатыр. Алдағы уақытта Sergek-тің Қазақстанда да, жаһандық деңгейде де ауқымын кеңейте түсу жоспары бар.
@фото - Sergek Group баспасөз қызметінен
Себебі қалалардың өсуі мен халық санының артуы – әлемдік үрдіс. Бұл өзгерістерге байланысты туындайтын мәселелерді шешуге арналған технологияларға деген сұраныс та күн өткен сайын өсе беретіні анық.