Қазақстанда наурыз және сәуір айларында жылы ауа райы мен мол жауын-шашын күтілуде, бұл елдің бірнеше өңірінде су тасқыны қаупін арттырады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қауіптілігі жоғары аймақтарға Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстары жатады.
Осыған байланысты ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес ел аумағында су тасқынының салдарын азайтуға бағытталған алдын алу шаралары жүргізілуде.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қар тазалау және шығару, сондай-ақ жағалауды нығайту жұмыстарына белсенді қатысуда.
Мәселен, Целиноград ауданының Талапкер ауылында су басудың алдын алу мақсатында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің (Астана қ.) әскери қызметшілері жұмылдырылды. Олар жағалауды бекіту үшін 1300-ден астам инертті материал салынған қаптарды дайындады.
Ұлттық ұлан Академиясынан күн сайын Тепличное, Прибрежное және Бескөл елді мекендерінде алдын алу шараларына қатысу үшін 60 курсант жіберіледі. Қазіргі уақытта Академия курсанттары 4000-нан астам инертті материал салынған қап дайындап, арнайы бөлінген учаскелерге орналастырды. Сондай-ақ, 5517 әскери бөлімінің шамамен 100 әскери қызметшісі күн сайын Орал қаласында еріген қар суының кедергісіз ағуын қамтамасыз ету мақсатында су ағызу арналарын тазалау жұмыстарына қатысуда.
Жалпы, елді мекендерде қарды шығару және су өткізу жолдарын тасқын кезеңіне дайындау бойынша арнайы техника жұмылдырылып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар арналар, арықтар, көпірлер мен суағарлар тазартылуда.
Көктемгі су тасқынының ықтимал салдарын азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары жалғасуда.