Батыс Қазақстан облысы су тасқыны кезеңіне дайындалуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
13 наурыз, бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру жөніндегі Республикалық штаб отырысында БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлы ықтимал су тасқынын болдырмау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, облыстағы өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен болады деп болжануда. Дегенмен, өңірлік билік ахуалды бақылау үшін қосымша шаралар қабылдады. Облыстағы 22 гидробекетке қосымша 7 жаңа бақылау бекеті орнатылды. Сонымен қатар, Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде үш автоматтандырылған бақылау жүйесі іске қосылмақ, олар наурыз айының соңына дейін толық жұмыс істейді. Бұл жүйелер су деңгейін жедел қадағалап, ықтимал қауіптерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі өңірдің азаматтық қорғаныс жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілгенін атап өтті.
«Ұзындығы 143 шақырым болатын 81 қорғаныс бөгеті салынды, 9 шақырым су бұру арналары, 93 шақырым арық қазылды, елді мекендерге 582 метрлік су өткізу құбырлары орнатылды, 74 шақырым магистральдық каналдар тазартылды. Облыстағы барлық су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр» Нариман Төреғалиұлы
Болжамды төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыста едәуір көлемде материалдық-техникалық ресурстар қоры жасақталды. Тәулік бойы 1,8 мың арнайы техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа және 4 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған. Сонымен қатар, 12 мың тоннадан астам инертті материал, 413 мың қап, 423 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. 95 мыңнан астам құм салынған қап әзірленген.
Бұдан бөлек, 32 мың адамды орналастыруға есептелген 317 уақытша эвакуациялық бекеттер дайындалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймақтарға көшіру үшін 195 арнайы орындар белгіленді.
Айта кетейік, облыстық су тасқынына қарсы штаб өз жұмысын 10 наурызда бастаған. Қазіргі уақытта қыс маусымының салдарын жою және су тасқынына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 916 мың текше метр қар шығарылып, 49,3 мың текше метр еріген су сорылды, 27 шақырым су бұру арналары, 62 шақырым арықтар және 1 200-ден астам су өткізу құбырлары тазартылды. Сондай-ақ, 1,5 мың шаршы метр жер қарайтылды.
Су тасқынына дайындық жұмыстары облыс әкімінің жеке бақылауында.