Маңғыстау облысында көп кезеңдік командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Оймаша» полигонында ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевтың басшылығымен басқару органдары мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері арасында көп кезеңді командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылуда.
Командалық-штабтық оқу-жаттығу «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің оқу дабылы бойынша көтерілуден және жаттығу өтетін аймаққа жөнелтуден басталды.
«Оймаша» полигонындағы үш кезеңдік оқу-жаттығу барысында қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріледі және нақты жауынгерлік жағдайға барынша келтірілген іс-әрекет қарастырылады.
Әскери басқару органдары, құрамалар және басқа әскерлер құралымдары мен бөлімдері арасындағы өзара іс-қимыл, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың күштерін (құралдарын) тарту мәселелерін пысықтауға ерекше назар аударылады.
Бірнеше кезеңде өтетін командалық-штабтық оқу-жаттығу әскерлерді басқаруды және олардың күрделі жағдайда жедел үйлесімді әрекет етуін жетілдіруге бағытталған. Ол 15 наурызға дейін жалғасатын болады.