Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Президент жиналған қауымды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразалары қабыл болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.
Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуға шақырды.
Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын! Халыққа негізгі саясатымызды дұрыс түсіндірейік. Жаппай жұртқа үлгі болайық. Ел ішіндегі дарынды, қабілетті азаматтарға, ең алдымен, жастарға жол берейік. Біз бір ел, бір халық болып, елеулі өзгерістерді бірге жасап жатырмыз. Қазақстанның саяси жүйесін толық жаңғырттық. Жаңа экономикалық бағдарымызға сай нақты жоспарымызды жүзеге асыратын болдық. Бүгінде жан-жақты реформалар өз жемісін беріп жатыр. Осы жолда Ұлттық құрылтайдың ерекше рөл атқарғаны сөзсіз. Сіздердің бастамаларыңыз көптеген мәселені уақтылы шешуге ықпалын тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Мен «Ана тілі» газетіне берген сұхбатымда еліміздің алдында тұрған жаңа міндеттерді атап өттім. Негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру. Бұл адал азаматтардың қолынан келетін іс. Адал азаматқа тән қасиеттер исламның гуманистік идеяларымен терең астасады Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатқанына, ата-бабалардан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас екеніне назар аударды.
Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі. Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздықтың діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді. Жұртымыз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Әсіресе, жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Олар жасампаздық жолымен жүруі қажет. Аға буын өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруы керек. Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылғаны абзал. Сонда біз үйренетін әрі үйрететін ұлт боламыз Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы ислам – тазалықтың діні екенін алға тартып, өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру мәселесіне тоқталды.
Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. «Таза Қазақстан» жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, қазіргідей геосаяси ахуал күрделенген алмағайып кезеңде ынтымағымызды нығайта түсу маңызды екенін еске салды.
Тату елде тұрақтылық пен тыныштық болады. Бірлігі мықты ел өркендейді. Қасиетті Рамазан айы еліміз үшін жақсылыққа толы, шарапаты мол ай болсын. Оразада ниет еткен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қасым-Жомарт Тоқаев