Шымкентте ұландықтар Наурыз мерекесін тойлауды бастады

1408
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Былтырдан бастап жаңаша форматта тойлана бастаған төл мерекеміз жыл басы - Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өту Ұлттық ұландықтар арасында да басталды. Еліміз Президенті Қ.К. Тоқаев бір сұхбатында Қазақстанның өз жаңа жылы – Наурызға көп мән беретінін айтып: «Төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек»,- деген еді. Мемлекет басшысының бастамасы іске асып, жаңа жылымыз жаңа форматта «Наурызнама онкүндігі» деп жарияланды. Әр күнге ерекше атау беріліп мән-мағынасына қарай игі істер мен шаралар өткізу жоспарланды.

Бұл мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруды Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері де бастап кетті.

14 наурыз - көрісу күніне орай  жауынгерлеріміз әскери бөлімнің ардагер ақсақалдарымен көрісіп, баталарын алды. Ардагерлер сарбаздарға ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуді үлгі етіп, оның тереңде жатқан мағынасын ашып түсіндірді. Бөлім командирінің орынбасары подполковник Утенов Арман қонақтарымызға сарбаздармен жүргізген салихалы сұхбаты үшін алғысын айтып, амал мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыстады.

Көрісу күнінен соң қайырымдылыққа ұласатын мерекенің екінші күніне орай жауынгерлеріміз Шымкент қаласы бойынша өтіп жатқан «Мейірім жүректен» акциясы аясында «№6 Балаларға арнаулы қызмет көрсету орталығына» барды. 3 жастан 18 жасқа дейінгі арнайы күтімді қажет ететін әлеуметтік қолдау орталығында 150-ден аса балалар тәрбиеленіп жатыр.

Әскери бөлімнің әйелдер кеңесінің мүшелері мен тәрбие бөлімшесінің офицерлері ерекше балаларды тәттілермен қуантты. Әлеуметтік орталық директорының орынбасары Наримбай Ерхан Төребекұлы: «Мүмкіндігі шектеулі балаларымыздың ой-өрісі терең, шығармашылықтың өздеріне ұнайтын түрімен айналысады. Бала болса да оларға жасалған қамқорлық пен мейірімді өте жақсы түсінеді», - деп Отан қорғаушыларға балалар мен ұжымның атынан алғысын білдірді.

Бөлім командирінің орынбасары подполковник Утенов Арман орталықтың басшысына қажет кезде хабарласуын, қолдан келген көмектерін аямайтынын жеткізді. Айтылған әрбір жылы сөз бен мейірім артық етпейтін балалардың жанына жақсылық тілеу басты адамдық парызымыз екені даусыз.

Алдағы күндері әскери бөлімде «Наурызнама онкүндігі» салт-дәстүрлерімізді, ұлттық киімдерімізді, ұлттық спорттық ойындарымызды насихаттауға арналған мерекелік шаралармен жалғасын табатын болады.

6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -