ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалық кеңсесі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатымен бірлесе отырып «Парламенттік ашықтық іс жүзінде: депутат көмекшілерінің soft skills дағдыларын дамыту» атты тренингтер тізбегін одан әрі жалғастырды. Бұған дейінгі оқу кезеңі 27–28 ақпанда өткен болатын, енді осы бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасын тауып отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тренинг парламенттік қызметті тиімді жүзеге асыруға қажетті негізгі дағдыларды дамытуға бағытталған. Қатысушылар сыни тұрғыда ойлау, ақпаратпен жұмыс істеу әдістері және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл қағидаттарын жетілдіреді. Сондай-ақ эмоционалдық интеллект, тайм-менеджмент және өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларына ерекше назар аударылады.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – ауызша және жазбаша коммуникацияны жетілдіру. Депутат көмекшілері азаматтардың өтініштеріне дәлелді жауаптар дайындау, іскерлік хат алмасу жүргізу және көпшілік алдында сөйлеуге дайындалу жөнінде тәжірибе жинақтайды. Бұл білім мен дағдылар олардың кәсіби біліктілігін арттырып, парламенттік саладағы жұмыс тиімділігін күшейтуге көмектеседі. Тренинг одан әрі жалғасатын болады, алдағы уақытта парламенттік ашықтық пен кәсіби өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған жаңа оқу пәндері өтетін болады.