ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде Ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шараның қонақтары 9–11 сынып оқушылары, әскери кафедралардың және арнайы мектептердің студенттері болды.
Жастар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленді. Бөлім клубында жиылған жұртшылық алдында Қостанай гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Ермек Елмұхамбетов пен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирдің орынбасары подполковник Ескендір Сараубеков сөз сөйлеп, әскердегі қызмет, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттері жайлы баяндады. Сондай-ақ, сарбаздар да өздерінің әскердегі күнделікті өмірі туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Қонақтар заманауи казармаларды, оқу сыныптарын, әскери киім-кешектерді көріп, сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Сап алаңында қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесі ұйымдастырылды. Онда БТР бронетранспортері, «Тигр» бронеавтомобилі және құқықтық тәртіп әскерлерінің қару-жарақтары көрсетілді.
Ең әсерлі сәттердің бірі кинологиялық қызметтің көрсетілімі болды. Әскери қызметшілер қызметтік иттердің жұмысы, олардың қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі және арнайы тапсырмаларды орындаудағы рөлін көрсетті.
Сонымен қатар, қонақтар бөлім асханасында сарбаздардың ботқасы мен компотынан дәм татып, нағыз әскери өмірдің атмосферасын сезіне алды.
Ашық есік күні – жастар үшін әскери қызметтің қыр-сырын өз көздерімен көруге тамаша мүмкіндік. Біз бұл шараны барынша қызықты әрі пайдалы етуге тырыстық. Жастар әскери қызметшілердің күнделікті өмірімен танысып қана қоймай, нағыз сарбаздық рухты сезіне алды Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирдің орынбасары подполковник Ескендир Сараубеков
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды әскери өмірмен таныстыру, Ұлттық ұлан қызметінің маңыздылығын көрсету және Отан қорғау – әр азаматтың борышы әрі мәртебелі міндет екенін атап өту.