Наурыз мерекесі аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қарттар үйіне барып, оның тұрғындарына көңіл бөліп, қолдау көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл іс-шара көктемгі мерекені атап өтудің жаңа тұжырымдамасы – «Наурызнама» аясындағы он тақырыптық күннің бірі – Қайырымдылық күніне орай ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – бірлік, қайырымдылық және аға буынға деген құрмет сияқты құндылықтарды дәріптеу. Ұландықтар қарияларға рухани қолдау көрсетіп қана қоймай, өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынып, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнап шеберліктерін паш етті.
Жылы ықыласқа риза болған қарттар әскери қызметшілерге шынайы алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Мұндай бастамалар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, қазақ қоғамындағы қонақжайлық пен құрмет дәстүрлерін сақтауға септігін тигізеді.
Бұл іс-шара Наурызнама аясындағы кең көлемді бағдарламаның бір бөлігі болды. Бағдарлама мәдени, қайырымдылық акцияларынан бастап, экологиялық бастамаларына дейін қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Ұлттық ұлан тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің рухани және адамгершілік құндылықтарының дамуына да өз үлесін қосуда.