Қорғаныс министрлігі бірінші нұсқаумен су тасқынына қарсы күреске ұдайы дайын тұрған 7 мың әскери қызметші мен 500 бірлік техника бөлуге әзір, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қажет болған жағдайда әскери-көліктік авиацияның тікұшақтары мен ұшақтары, барлау жүргізуге арналған ҰҰА, ойлы-қырлы жерлермен жүретін техника, понтондық көпірлер, жүзетін транспортерлер және дезинфекция жүргізуге арналған арнайы техника жұмылдырылатын болады.
Өткен жылғы тәжірибені ескерсек, қорғаныс ведомствосы Төтенше жағдайлар министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен және басқа да қызметтермен алдын ала өзара іс-қимыл жасап, ақпарат алмасуды ұйымдастырды.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарындағы аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы су тасқынының алдын алу іс-шараларына жұмылдырылды.
Солтүстік Қазақстан облысында 99275 әскери бөлімінің жауынгерлері Подгара және Тепличный елді мекендеріндегі көктемгі су тасқыны қаупін азайту мақсатында бөгеттерді күшейтуге атсалысуда. 14 наурыздан бастап олар 1500 қап құм дайындады.
Біздің барлық жұмысымыз атқарушы органдармен және жергілікті қызметтермен келісіледі. Ауылдар мен инфрақұрылым нысандарын қорғау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Біз су тасқынына тосқауыл қою үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз 99275 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Қуанышбай Әбдіқайымов
Ал, Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылындағы үйлерді су басу қаупіне байланысты 99250 әскери бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Дерқұл өзенінің жағасында жауынгерлер 300 қап құм дайындап, төседі.
Ақтөбе қаласындағы алдын алу шараларына Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 140 курсанты мен 30238 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі 400 сарбазы қосылды. Олар қардың тез еруі және жауын-шашын кезінде ағыстың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін су арналары мен арықтарды тазартумен айналысуда. Қар тазалау жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылған.
Қостанай облысы әкімдігінің сұрауы бойынша 99260 әскери бөлімінің әскери қызметшілері су басу қаупі бар деген Арқалық қаласына жіберілді.
Қорғаныс ведомствосы жеке құрам мен техниканы қауіпті аймақтарға жіберу және ол жерге орналастыру алгоритмдерін нақтылап қойды. Жағдай ушыққан жағдайда өзен жағалауларын нығайту үшін қосымша 1000 жауынгер, 130 бірлік техника және су тасқынына қарсы габиондар бөлінетін болады.