Елордада ірі ұтыстар туралы хабарлайтын алаяқтық call-орталығы жойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ішкі істер министрлігі алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды анықтау және жолын кесу бойынша шаралар кешенін жалғастыруда.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері елордалық бизнес-орталықтардың бірінде алаяқтық сall-орталықты жойды. Қаскөйлер өздерін "Техносмарт", "Байзон", "Like me shop" интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, көліктер мен пәтерлер сияқты ұтыстар туралы хабарлап, оларға салық төлеу қажетті туралы айтқан. Жедел іс-шараларды өткізу кезінде кеңсенің алты қызметкері ұсталды.
Олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары. Жеті ноутбук, маршрутизатор, wi-Fi роутер тәркіленді. Егер сіз осындай алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, 102 нөміріне немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша полиция бөліміне хабарласыңыз. Сонымен қатар Жетісу облысында полицейлер ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасау үшін sim-box құрылғысын пайдалану фактісін анықтады.
Тінту барысында 96 слоты бар жеті sim-box құрылғысы, қазақстандық ұялы операторлардың 50 мыңнан астам sim-картасы, жеті ұялы телефон, екі ноутбук, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған деп болжанған ИЖ-53 маркалы екі пневматикалық тапаншасы және төрт армиялық каска тәркіленді.
Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Биыл киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері барлығы 64 sim-box құрылғысын анықтап, отандық ұялы операторлардың 90 мыңға жуық sim-картасын тәркіледі.