Батыс Қазақстан облысы Байтерек ауданының прокуратурасы алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерді заңмен көзделген жауапкершілікке тарту және қарыздарды өндіріп алу бойынша мақсатты жұмыстарды жүргізуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Байтерек ауданы бойынша 2025 жылдың өткен кезеңінде Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соты Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) осындай тұлғаларға қатысты 3 үкім шығарды.
Жазалау шараларын қолданумен қатар, тұрақты жұмыс табуға және әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға көмектесу мақсатында азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу шаралары да қолға алынуда.
Осылайша, 13.02.2025ж. аудан прокуроры пробация есебінде тұрған және алиментке берешегі бар азаматты жеке қабылдады. Қабылдау барысында Мансап орталығы ұсынған жұмыстан бас тарту себептері анықталды.
Әңгімелесу барысында бас тарту жұмыстың шалғайлығы мен жағдайдың тұрақсыздығынан екені белгілі болды.
Прокуратураның үйлестіруімен борышкер өз ауылына тұрақты жұмысқа орналасты.
Байтерек аудандық прокуратурасы алимент төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделетінін және қандай да бір сұрақтар немесе ұсыныстар болса, азаматтар кез келген уақытта прокуратураға хабарласа алатынын еске салады.