ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өздерін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайын табыс табасыңдар деп уәде берген.
Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.
Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 4 мыңнан астам салымшы тартылған.
Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған.
Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленген.
Күдіктілер екі айға қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды.
ҚМА-де қаржылық пирамидаға тән белгілерді тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» телеграм-боты іске қосылды.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржылық пирамидамен бетпе-бет келсеңіздер, тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеу департаментіне жүгінуіңізді сұраймыз.
Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға өз жинақтарын салмауға шақырамыз.