ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінде Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жаңару, бірлік пен молшылықтың белгісі саналатын күнді әскери қызметшілер ерекше құрметпен және тебіреніспен қарсы алды.

Мерекенің басты сәттерінің бірі – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу болды. Кимешек киген әжелер көрісу, тұсаукесер, бесікке салу және беташар секілді қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндірді.

Іс-шара соңында құрметті қонақтардың бірі – Гүлнар әже өз әсерімен бөлісті:
“Бүгінгі жастарға қарап, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлейтінін көріп, марқайып тұрмын. Біз жауынгер ұландарға ақ батамызды бердік. Олар – Отанның қорғаны, ертеңгі ел тірегі. Отанымыздың қорғаушылары әрдайым қайратты әрі рухты болсын!”

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлер әскери қызметшілерге қазақ халқының терең тарихы мен бай рухани мұрасын тағы бір мәрте еске салды.
