Олжас Бектенов Энергетика министрлігі ұжымына жаңа министрді таныстырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жарлығымен энергетика министрі болып тағайындалған Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженовті министрлік ұжымына таныстырды.
Олжас Бектенов Алмасадам Сәтқалиевке мұнай-газ және мұнай-газ химиясы өнеркәсібі, энергетика салаларына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы лауазымындағы жаңа қызметіне табыс тіледі.
Премьер-министр жаңа министрді таныстыру барысында Ерлан Ақкенженовтің мұнай және газ саласындағы, мұнай өнімдерін өңдеу және тасымалдау саласындағы мол тәжірибесі бар екеніне тоқталды.
Премьер-министр Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын ауқымды жаңарту міндетін қойғанын атап өтті.
Энергетика министрлігі ұжымына стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыру, оның ішінде үш ЖЭО мен Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы, Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіруді аяқтау және қосымша энергия қуаттарын іске қосу тапсырылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының мұнай-газ жобаларын кеңейту, газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын уақтылы іске асыру, мұнай өнімдерін өндіру және ішкі нарықты көгілдір отынмен қамту мәселелерінде тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстың басым бағыттары белгіленді.