Бүгін Қазақстанда «Жанару» күні аталып өтуде. Бұл күн жаңару мен қайта өрлеудің символы болып табылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Наурызнама» форматы аясында мерекелік іс-шаралар он күнге созылады, және әрбір күн белгілі бір құндылықтарға арналады.
Осы күннің басты дәстүрлерінің бірі – ағаш отырғызу. Бұл шара экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, жастардың табиғатқа ұқыпты қарауын, еңбексүйгіштігін және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастырады.
Мереке қарсаңында Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі антикоррупциялық еріктілермен бірге қаланы көгалдандыру акциясын өткізді. Ағаш отырғызу – тек экологиялық емес, сондай-ақ тәрбиелік маңызы зор шара, оның мақсаты – белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін еске салу.
Ағаш отырғызу – тазалықтың, өсіп-өркендеудің және адалдықтың символы. Жас көшет ерекше күтімді қажет ететіндей, құқықтық мемлекет те әділдік пен заңдылық қағидаларын сақтайтын азаматтарды қажет етеді.
«Жанару» күніне орай көгалдандыру жұмыстары қоршаған ортаға қамқорлық жасаумен қатар, қоғамның жаңаруына деген ұмтылысты білдіреді. Бұл күні адалдық, заң үстемдігі және әділеттілік негізгі қағидалар ретінде насихатталады.
Жастар экологиялық және моральдық тұрғыдан таза болашақты қалыптастыру арқылы елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда.