Әскери қалашықта 1000 ағаштан тұратын бақ отырғызылады

1254
Фотосурет: Gov

Гвардейск гарнизонның әскери қалашығында мыңнан астам көшет отырғызылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Наурызнама» онкүндігі аясындағы Жаңару күні Гвардейск гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы ағаш егіп, қалашық аумағын абаттандыру акциясын өткізді.

Тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллеяға әскери қызметшілер 50 түп ағаш отырғызды.

"Бүгін еліміз табиғаттың жаңару күнін атап өтуде. Біз әскери қалашықта бақ ашып, демалыс аймағын жасауды қолға алдық. Бұл акцияға қолдау көрсеткен қалашық тұрғындары да ағаш егуге құлшына кірісті" Гвардейск гарнизонының штаб бастығы подполковник Дулат Серікбаев

Елімізді көгалдандыру – Мемлекет басшысы белгілеген маңызды міндеттердің бірі. Ағаш отырғызу арқылы әскери қызметшілер бұл жолы экологияны жақсартуға, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты.

Ауқымды акция мамыр айына дейін жалғасады. Тек «Мәтібұлақ» полигонының өзіне 500 түп ағаш отырғызылады. Әскери қызметшілердің күш-жігерінің арқасында әскери қалашықта шырша, қайың, қарағаш, өрік және шие ағаштары пайда болады.

Олардың күтімін әскери қалашық тұрғындары жүзеге асыратын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -