Балқашта Наурыз мерекесі қарсаңында қалалық мектеп оқушылары ақындық, ақыл-ой және суырыпсалма шеберлігі бойынша сайысқа түсті, деп хабарлайды DKnews.kz.
12 жас ақын өзара бақ сынасты.
Оқушылар арасында айтыс Балқаш қаласында екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бастамашылар – қалалық өнер мектебі.
6–10 сынып оқушылары төрт номинация бойынша бақ сынасты:
- «Бәдік айтыс» (сатиралық айтыс);
- «Жұмбақ айтыс» (құпия айтыс);
- «Салт айтыс» (дәстүр туралы айтыс);
- «Өтірік айтыс» (әзіл-сықақ айтыс).
– Мектеп оқушылары арасындағы айтыс қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылықты арттырады, импровизатор ақындардың дәстүрлерін жалғастыруға мүмкіндік береді, талантты шығармашыл жастарды анықтауға ықпал етеді. Бұл патриотизмді тәрбиелеуге және дәстүрлерді құрметтеуге септігін тигізеді, – дейді Балқаш қалалық білім бөлімінің бас маманы Берлібек Балтабекұлы.
Қазылар алқасының мүшелері ретінде байқауға Балқаш журналистикасының ардагері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қуандық Сәденов, айтыскер-ақын Бақытжан Әрінов және «Орталық Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі, ақын Нұрдос Кәрімов шақырылды. Олар байқауға қатысушыларды келесі критерийлер бойынша бағалады: әртістік, суырыпсалма және классикалық айтыс ережелерін сақтай білу.
– Қазылар алқасы қатысушылардың шеберлігін, айтыс түрлерін білетінін атап өтті. Олар сондай-ақ балалар өнер мектебінің базасында ақындар сыныбын ашуды ұсынды, – деді Берлібек Балтабекұлы.
Айтыс қорытындысы бойынша Гран-при Кәусар Әзіл (М. Русаков атындағы мектеп-интернат) иеленді. Бірінші орынды Әділет Әлімов (№ 5 ЖББМ) пен Айдын Жарылқасын (Абай атындағы лицей) өзара бөлісті. Екінші орын Мусалим Исабекке (Ә. Бөкейхан атындағы № 15 мектеп-лицей) және Саяжан Тайтөлеуоваға (С.Сейфуллин атындағы № 7 мектеп-гимназия) берілді. Үшінші орынды Сұлтан Қараман (Абай атындағы лицей), Бейбарыс Молдабай (Абай атындағы лицей), Райымбек Мұхаметжанов (Б. Момышұлы атындағы орта мектеп) және Ершат Әбдібеков (№ 5 орта мектеп) иеленді.