Наурыз тойын атап өту, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында «Алау» мұз айдынында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен мұз үстінде қыз қуу ойыны өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылар заманауи қыз қууды осылайша халық назарына ұсынып, дәстүр жаңғыртқысы келгенін айтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Бүгінгі шараның ерекше сәті – мұз үстінде дәстүрлі қазақ ойыны – қыз қуу болды. Бұл ойынның дәстүрімізде терең тамыры бар әрі оны заманауи жағдайларға сай етіп, мұз үстінде өткізу арқылы жас ұрпаққа ұлттық мәдениетімізді танытуды мақсат еттік. Біз үшін бұл шараның маңызы өте зор, себебі Наурыз мейрамы – жаңарудың, жаңа бастамалардың белгісі. Осы ерекше сәтті жастарға ұсыну арқылы ұлттық спортты жаңғыртып, жастарымыздың денсаулығын нығайтуға атсалысып отырмыз. Сондай-ақ, бұрын-соңды конкимен мұз үстінде ұлттық киім киген қыз-жігіттеріміз мұндай ойын көрсеткен емес», – деп атап өтті әдіскер Данияр Қалиев.
Аталған мектептің өзі қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Ал наурызнама аясында ұйымдастырылған іс-шаралар қатарында асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ қатарлы бірқанша қазақтың спорттың жарыстары көрсетілді.