20 наурызда Наурызнама онкүндігі шеңберінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімі Ұлттық спорт күніне арналған әскерилендірілген эстафета өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жарысқа қатысушылар классикалық әскери және ұлттық спорт түрлерінде күш, ептілік пен командалық рух көрсетті.
Эстафета бағдарламасына АК-74 автоматын бөлшектеу және жинақтау, улы газдан қорғайтын шлемде жүгіру мен топтық сайыстар кірді. Сондай-ақ шыдамдылыққа баулитын арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру сынды спорт түрлері енді.
Тартысты бәсекеде «Қайсар» командасы (жедел мақсаттағы 3-ші батальон) жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Қалқан» командасы (қамтамасыз ету батальоны) иемденсе, ал қола жүлдені «Арлан» командасы (жедел мақсаттағы 1-батальон) жеңіп алды.
Жарыстың соңғы нүктесін чемпиондық жүгіру қойды, онда барлық қатысушылар жауынгерлік рух пен бірлік танытты.
Мұндай іс-шаралар ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында дене төзімділігі мен жауынгерлік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.