«Наурызнама» онкүндігі аясында Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектерінде, әскери бөлімдер мен мекемелерде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, алыс қашықтыққа марш жасаулар мен спорттық ойындар өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауылындағы 03811 әскери бөлімінде әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне ұйымдастырылды. Дәстүрлі киіз үйлер мен алтыбақан алыстан көз тартады. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлеріне жарыс ұйымдастырылды. Қазақша күрестен өткен сайысқа әскери қызметшілер де, олардың балалары да қатысты.
Абай гарнизонындағы 99280 әскери бөлімінің жеке құрамы Наурыз мейрамында ұлттық ойындар мен «Бата беру» байқауын өткізді. 27943 әскери бөлімінің жауынгерлері үшін қазақ күресінен, қол күресі мен арқан тартудан жарыс ұйымдастырылды.
Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы Шымкент әскери колледжінде кадеттер гір көтеру, асық ату, бес асық, қол күресі және жеңіл атлетика эстафетасында бақ сынасты.
– Біздің ата-бабаларымыз осы ойындардың көмегімен саналы әрі дені сау ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Біз солардың дәстүрін жалғастырып келеміз. Бүгінде бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу және сұңқар аулау (құсбегілік) сияқты ежелгі жарыстарға деген қызығушылық артуда. Тоғызқұмалақ, асық ойнау және садақ атудан өтетін турнирлеріміз көпке танымал, – деді Әскери колледж бастығы полковник Мақсат Ақшалов.
Көптеген әскери бөлімдерде әскери қызметшілер мерекені алыс қашықтыққа марш жасау арқылы атап өтті. Бес шақырымдық жарысқа Гвардейск гарнизоны артиллериялық бригадасының 700-ге жуық әскери қызметшісі, оның ішінде офицерлер, сержанттар және мерзімді қызмет сарбаздары қатысты.
Қарулы күштерде ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлінетінін атап өту керек. Биыл Қазақстанда әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен CISM әлем чемпионаты өтетіні соның айқын дәлелі. Бұл халықаралық жарыс қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттауда маңызды рөл атқармақ.