Астанада XV Спартакиада аясында қорғаныс ведомствосы орталық аппаратының әскери қызметшілері арасында волейболдан өткен чемпионат аяқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Барлығы 37 команда құрамында 370 әскери қызметші-спортшы сайысқа түсті. Төрешілік екі топ бойынша ұйымдастырылды.
Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы күштердің департаменттері арасындағы бірінші топтағы жарыс қорытындысы бойынша Арнайы техникалық әзірлемелер бас басқармасы мен Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының біріккен командасы жеңіске жетті. Тұғырдың екінші сатысына Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің құрамасы, үшіншісіне – Радиоэлектронды күрес департаментінің волейболшылары көтерілді.
Басқармалар мен орталықтар арасында екінші топта Тыл бастығы басқармасының командасы чемпион атанды, екінші орында – ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің құрамасы, үшінші орында – Әскери полиция бас басқармасы.
Сонымен қатар үздік ойыншылар номинациялармен марапатталды. Бірінші топта «Үздік қорғаушы» – Дәуренгүл Нұрланқызы, «Үздік шабуылшы» – Мәдениет Мұхамеджанқызы, «Үздік ойыншы» – Ғани Нүсіпов, «Үздік либеро ойыншы» – Серік Бейсебаев болды. Екінші топта «үздік қорғаушы» номинациясына Дінмұхамедәли Әуенек, «Үздік шабуылшы» номинациясына Айдар Базылжанов, «Үздік ойыншы» номинациясына Бауыржан Қабылбеков, «Үздік либеро ойыншы» номинациясына Назым Жексенбаева ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктар, медальдар мен грамоталар алды.