Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллермен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мәулен Әшімбаев кездесу барысында АҚШ-пен стратегиялық қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі мемлекет арасында тұрақты саяси диалог, оның ішінде жоғары деңгейде жолға қойылғанын жеткізді.
Сенат Төрағасы екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту мәселесіне де тоқталды. Сұхбат барысында сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және өзара мүдделі басқа да салаларды одан әрі дамыту барысындағы парламентшілердің рөлі талқыланды.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға назар аударды. Палата Спикері еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мәселелері мен адам құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік жүйесін нығайту, билік тармақтары, сондай-ақ, орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің тепе-теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бастамаларға жан-жақты тоқталып, жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық сипаты туралы айтты.
Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі жөнінде де айтып, АҚШ-тың дін лидерлерін 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысуға шақырды.