23 наурызда Қазақстанда Наурыз мейрамының мерекелік онкүндігі аясында Тазару күні атап өтіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы датаға орай мәдениет қызметкерлері мен танымал өнер қайраткерлері елордада ауқымды сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Бұл бастаманы қолдап, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, «Жастар» театры, Музыкалық жас көрермен театры, Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Қуыршақ театры және басқа да мәдениет мекемелерінің ұжымдары сенбіліктер ұйымдастырып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлес қосты.
Шара аясында олар мекемелерге іргелес аумақты қардан, қыста жиналып қалған қоқыстан, ескі жапырақтардан тазартты.
«Бүгін Наурыз мейрамынан кейін «Тазару күні» акциясына қатысу үшін ұжым болып жиналдық. Аз уақыттың ішінде филармония аумағын тазартып, уақытты көңілді өткіздік» Дейді Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрінің бас дирижері Қалқаман Дүйсембаев
Экологиялық мәдениетті, табиғатқа қамқорлықпен қарауды дамыту және қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікті насихаттау мақсатында 23 наурыз Тазару күні болып белгіленді. Бұл бастаманы Қазақстанның әртістері қолдап, экологиялық акциялардың маңыздылығын атап өтті.
«Біз Наурызнаманың онкүндігінде атап өтілетін Тазару күніне атсалысып, «Таза Қазақстан» ауқымды эко-акциясын қолдаймыз. Бұл күн пайдалы болды: біз елорданың тазалығына үлес қосып қана қоймай, бір-бірімізбен тілдесу арқылы жағымды энергия алдық» Деп атап өтті Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының эстрада және вокал бөлімінің әншісі, Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова
Филармонияда өткен сенбілікке Нұржамал Үсенбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Светлана Айтбаева, Фарида Жолдасова, Парасат Отан, Данияр Мұхан сынды танымал өнерпаздар қатысты.
Өзге де мәдениет мекемелерінің аумағында өткен сенбіліктерді белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері де қолдады.
Бұл күні мәдениет саласының 600-ден астам қызметкері сенбіліктерге шықты.