Астанада волонтерлер зейнеткерлердің ауластарын қардан және қоқыстан тазартты

3905
Фотосурет: Gov

Қазақстанда 23 наурызда Наурызнама декадасы аясында Тазалық күні аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Осы күнге орай елорданың Сарыарқа ауданында еріктілер зейнеткерлердің аулаларының қарын күреп, қоқыстан тазарту акциясын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шараны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Он шақты белсенді зейнеткердің ауласын қар мен мұздан тазартты.

«Жыл сайын қыста біз, еріктілер, жалғызбасты зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдардың аулаларын қардан тазартуға көмектесеміз. Бүгін біз зейнеткер атаның ауласын тазалап жатырмыз. Ол кісінің батасы бізге үлкен күш береді. Осындай игі іске атсалысқаныма қуанып отырмын», – дейді волонтер Дарья Олейникова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара аға ұрпақты қолдауға ғана емес, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған.
«Астана жастары» еріктілер қозғалысын дамыту маманы Айзат Әли «Тазару күні» тек табиғаттың ғана емес, экологиялық мәселелерде әрбір адамның санасының жаңаруына әсер ететінін атап өтті.

«Тазару күні – бұл мемлекеттік бастамаларды қолдап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға белсене атсалысып, айналаны жақсартуға үлес қоса алатын күн. Қыстан көктемге шығуға арналған бұл мереке табиғаттың жаңаруын ғана емес, сонымен бірге оны қорғаудың маңыздылығын да білдіреді. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тазару күні» – экологиялық қолдау, мәдениетті дамыту онкүндігінің қорытынды шарасы. Барлығын осы шараға қатысуға шақырамын», - деді Айзат Әли.

Сарыарқа ауданының қарт тұрғыны мұндай көмектің өзі үшін ерекше маңызды екенін айтып, еріктілерге алғысын білдірді.

Еске салайық, 14 наурызда Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Осы 10 күн ішінде Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды іс-шара – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер және т.б. өтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -